31.03.2016, 10:24
Оқылды: 43

Отандық онкология саласының білгірі

Досаханов

    Ертең  1 сәуірде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, профессор Әлихан Досахановтың туғанына 70 жыл және медицина саласындағы қызметіне 50 жыл толады.


     Әлихан Хамзаұлы – біздің жерлесіміз, нақтылап айтсақ, Қазталов ауданының тумасы. Ол Алматы мемлекеттік медицина инс-титутының емдеу факультетін үздік тәмамдады. Еңбек жолын Алматы қаласының №2 қалалық клиникалық ауруханасында бастады. Артынан Қарулы күштер қатарына алынып, Ленинград әскери округында әскери дәрігер болды.

     Азаматтық борышын өтеп келгеннен соң Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында еңбек жолын жалғастырады. Ғылыми жетекшісі Қазақстанның ғылыми рентгенрадиология және клиникалық радиобиология негізін салушы, Н. Такаши атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығының лауреаты, академик Саим Балмұхановтың болуы оның болашақ тағдырына үлкен әсер етті. Әлихан Хамзаұлы аталмыш ғылыми мекеме қабырғасында 30 жылдан астам уақыт жемісті қызмет атқарды. Қатардағы онкорадиолог дәрігерден клиникалық радиология бөлімінің жетекшісіне дейін өсті. Осы уақыт аралығында қолы шипалы дәрігер, тәжірибелі зерттеуші ретінде шыңдалып, ғылым докторына айналды. «Мен өзімді бақытты дәрігермін деп санаймын. Бұл бақыт науқас пен дәрігердің емдеу қорытындысына қанағаттануынан, науқастың жақсы өмір сапасына қолжеткізуінен тұрады, — дейді Әлихан Хамзаұлы. — Онкология институтында жұмыс атқарған отыз жыл ішінде 10 мыңнан астам науқасты емдедім. Олардың үштен бір бөлігі (аурудың I-II сатысындағы) дерттен толық айығып, еңбекке және қалыпты өмірге араласып кетті, жартысы (III сатысындағы) химия-сәулелік терапиядан кейін 5 жылдан 20 жылға дейін өмір сүрді. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, «Дауасы жоқ дертке душар болдым» деп уайымға салынған қаншама жанның бойында үміт оты жағылды?! Бұл оңайлықпен келмейді, бірақ оған қолжеткізуге болады. Ол үшін дәрігер өз мамандығын қатты сүйе білуі тиіс және емдеудің тәсілдерін жетілдіру жолдарын табу үшін үнемі ізденісте болуы керек. Сонымен бірге науқасқа өз туысыңдай қарау қажет. Ғылымның заманауи жетістіктерін қол-дану арқылы сапалы емдеумен қатар, дертке шалдыққан адамның бейнетін жеңілдету, аяушылық білдіру, жақсы сөз айтудың да үлкен емдік мәні бар екенін еш ұмытпаған жөн. Емдеу ісіне жанын салатын дәрігердің жетістіктері әрдайым көп болады. Науқастың сеніміне кіріп, жазылатынына күмән қалдырмайтын үміт отын жаға білу керек. Дәрігер мен науқастың мықты, үйлесімді одағы таңғаларлық нәтижеге әкеледі, обыр сияқты қатерлі ауруларды да жеңуге үлкен мүмкіндіктер береді. Мәселен, мен өзім емдеуші дәрігер ретінде науқастарды ем-шараларға апарып, олармен жиі әңгімелесіп, сауығып кетулеріне тілектестігімді білдірдім. Олар мұндай мейірімділік пен біліктілікті көріп, сауығатындарына сенетін».

     Ауыр науқастарды осылайша тиімді емдеу шаралары ғылыми жетістіктерге де бастады. 80-жылдарда Ә. Досаханов клиникалық онкологиядағы полирадиомодификация – сәулемен емдеудің нәтижелігін көтеру мақсатында радиацияның ісіктерді жою қабілетін көтеруге бағытталған химиялық және физикалық агенттерді қолдануды ұтымды үйлестіру ісі бойынша КСРО-да жаңа ғылыми бағыт құрды. Бұл жалпы қолданыстағы емдеу тәсілдерімен салыстырғанда обырға шалдыққандардың өміршеңдігін 1,5-2 есеге дейін арттырды. Сол кезде шетелдік мамандарға дейін мұны обырды емдеудегі тиімді тәсіл, жаңа жетістік деп санады. Бұл жөнінде Жапонияның денсаулықты зерттеу қорының президенті, профессор Тсутоми Кадживаның 1995 жылы былай деп айтқаны бар: «Әлихан Досаханов мырзаның бұл ғылыми жұмысына жоғары баға бере отыра, авторға батылдығы үшін алғыс айтамын! Бұл зерттеу тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша обыр ауруына шалдыққан көптеген науқастың жазылып шығуына айтарлықтай септігін тигізеді».

     Шынымен де, Ә. Досахановтың әріптестерімен бірге дайындаған өңеш, жатыр мойыны мен денесінің обырын емдеудің ерекше тәсілдері біздің елдегі ғана емес, Жапония, Индия, Бразилия, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттеріндегі онкомекемелерінің қызметіне енгізілді. Соған орай Әлихан Хамзаұлы обырды емдеудің жаңа тәсілдеріне арналған КСРО, артынан ҚР және РФ-ның 15 өнертабысы бойынша патенттерінің авторы атанды. «КСРО өнертапқышы» деген белгіге ие болды. Ғылыми зерттеулердің қорытындыларын денсаулық сақтау ісі тәжірибесіне енгізгені үшін әл-Фараби медалімен марапатталды.

1980 жылы кейіпкеріміз Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінде ғылым бөлімінің жетекшісі және министрліктегі ғылыми медициналық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1984 жылы онкология институтына қайтып келіп, онда Жапония мен Ресейдің озық ғалымдарының қолдауымен он жыл бойы қолданбалы күрделі ғылыми зерттеулер жасап, докторлық диссертация қорғап, дәрігерлік жұмысын жалғастырады. Бұл оның шығармашылық ізденістерге, қызу жұмыс пен ғылыми табыстарға толы жылдары еді.

     2001 жылы ғалым ағамызды Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына жолдады. Мұнда ол үш жылдан астам уақыт проректор болып қызмет атқарады. ЖОО-да диссертациялық кеңесті ашып, басқарды, онда 30-дан астам маман кандидаттық диссертацияларын қорғады. Мәскеу және Новосибирск қалаларындағы аспирантуралар мен докторантураларға жас оқытушыларды оқуға жолдады. Бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық форумдар өткізуге ұйытқы болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мүшесі болып, кафедралардың емдеу істері және ғылыми қызметтерін жетілдіруге айтарлықтай үлес қосты.

     2004 жылы Әлихан Хамзаұлы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жұмысқа ауысады, бүгінде ол сол жерде әлі күнге дейін қызмет атқаруда. Бастапқыда бас дәрігер, кейіннен бас директордың орынбасары болды. 2004-2005 жылдары Орталық директоры Абай Байгенжинмен бірге Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктерінің басшыларына бірнеше мәрте барып, Үкімет пен Парламентке ұсыныстармен шығып, маңызды шешім-дерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде балаларға және ересектерге жасалатын кардиохирургиялық операциялардың бірнеше түрлері, тәж артерияларын стенттеу елімізде алғашқы рет ақысыз медициналық көмектің кепілденген тізіміне енгізілді. Оған дейін мұндай ем-домдарды алу үшін Қазақстан азаматтары шетелге барып, үлкен қаражатқа емделуге мәжбүр еді, ал стенттеу елімізде толығымен, кардиохирургиялық қызметтердің кейбір түрлері ақылы болатын.

     Ғалым ағамыз аталмыш орталықта үш мамандық бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашып, оны өзі басқарды. Төрт жыл ішінде клиникадағы және республикамыздың әр аймағындағы 70-тен астам маман диссертацияларын сәтті қорғап шықты.

     Әлихан Хамзаұлының 360-тан астам ғылыми жұмысы жарияланды. Олардың ішінде «Scopus» және «Thomson Reuters» сынды алыс шетелдерде шығатын басылымдар бар. Он кітаптың авторы болып табылатын ғалым Жапония, Швейцария, Германия, Италия, Латвия, ТМД елдеріндегі әлемдік және халықаралық форумдарда баяндамалар жасап, қазақ медицина ғылымының жетістіктерін паш етіп жүр. Оның ғылыми жетекшілігімен шәкірттері 15 кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады, 1 шәкірті философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне ие болды.

     Кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарымен студент кезден бері белсенді түрде айналысып келеді. Мысал үшін айтсақ, 1967 жылдары студент Ә. Досаханов Алматы мемлекеттік медицина институтында «Эскулап» эстетикалық тәрбие клубын ұйымдастырып, клубтың алғашқы басшысы болды. Оның орынбасары қызметін КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова атқарды. Ал Ерасыл Абылқасымов, Роза Бағланова, Абай Байгенжин, Роза Жаманова, Шамғон Қажығалиев, Ермек Серкебаев, Евгений Сидоркин және т.б. тұлғалар клубтың мүшелері болды. Клуб отырыстарына атақты өнер өкілдері, Құрманғазы атындағы оркестр, мемлекеттік симфониялық оркестр сынды шығармашылық ұжымдар шақырылатын және де осындай кездесулер студенттер арасында кеңінен насихатталып, оған кісі көп келетін. Бір рет мединституттың акт залына студенттер сыймай қалып, залдың үлкен есігінің сынғаны бар. Сол жылдары «Эскулап» клубы С. Киров атындағы ҚазМУ-дың «Жеті муза қоғамымен» бірлесіп, жастарды мәдениет пен эстетикаға тәрбиелеуге өз үлестерін қосқанын да айта кету керек.

     А. Байгенжин мен Ә. Досаханов 2012 жылы «Қазақстандық дәрігерлер ядролық соғысты болдырмау үшін» қоғамдық бірлестігін құрды. Екі жылдан кейін «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» (IPPNW) халықаралық қозғалысымен бірлесіп, Астана қаласында бүкіләлемдік конгресс өткізді. Оған әлемнің 50 шақты елінен 600-ден астам делегат келді.

     Ақ Жайықтың абыройын асқақтатып жүрген азаматтардың бірі болып табылатын профессор Әлихан Досахановтың ұлт денсаулығын жақсарту және елімізде медицина ғылымын дамыту жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі мемлекет, шетелдік ұйымдар тарапынан да еленбей қалған жоқ. 2008 жылы Елбасының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ берілді, «Құрмет» орденімен (2015 жыл) және өзге де медальдармен марапатталды.

          2005, 2011, 2015 жылдары ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғысхаттарына ие болды. Денсаулық сақтау ісінің және медицина ғылымының дамуына қосқан маңызды үлесі үшін шетелдік «HIPPOCRAT», «AVICENNA», «ПИРОГОВ» ордендерінің кавалері болып танылды. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1982), «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2006), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2012) төсбелгілерімен, П. Поспелов атындағы медаль сынды Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің жоғары наградаларымен марапатталды. Ұлттық медицина қауымдастығы тарапынан оған медальмен қоса «Алтын дәрігер» атағы берілді.

     Әлихан Хамзаұлы жұбайы Лаура Мейірханқызы екеуі Бекболат есімді ұл мен Жазирадай қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немерелерінің ортасында шат-шадыман күй кешуде.

     Жарты ғасыр бойы медицина саласында табанды еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешіп, өмірі өнегеге толы Әлихан Досаханов туралы бір үзік сыр осындай.

www.zhaikpress.kz

Мәди ЫҚЫЛАС

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале