11.08.2015, 20:43
Оқылды: 42

Отан үшін от кешкен жан

L

L

Елге қорған болу – нағыз ерлерге тән қасиет. Ал сұрапыл соғыс жылдары кеудесін оққа тосып, ерен ерлік көрсеткен азаматтардың ғұмыры кейінгі ұрпаққа – өнеге.

Ұрпағының амандығы үшін қан қасап соғыста әкелеріміз бен аталарымыз Отан үшін қызмет етудің, туған ел мен жер үшін жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін және адалдықтың асқар шыңын көрсетті. Осы ерліктің өшпес ізін қалдырған ата-баба рухына тағзым ете отырып, өзімнің әкем – Қанат Рысқалиевтің де қардай бораған ажал оғының астында Жеңіс үшін жан алысып, жан беріскенін мақтан етемін.

Қанат Рысқалиев 1894 жылы БҚО, Жәнібек ауданы, Т.Жароков ауылында дүниеге келген.1942 жылы қан майданға аттанады. Ұлы Отан соғысында №205 атқыштар полкінде жауынгер ретінде II Украина майданында соғысқа кіреді. Батыс Украинаны фашис­терден азат етуге қатысқан. Сол жолда талай қиыншылықты бас­тан кешірген бұлардың полкі жау қоршауында қалады. Қоршаудағы әскерде тамақ та таусылады. Басынан өткен қиын­шылықтарға қарамастан, аш-жа­лаңаш жүріп, қоршауды бұзып, тұрақты армияға қосылды.

Одан кейін әкем Қанат Рысқалиев 1943 жылдың тамызынан 1944 жылдың тамызына дейін Дон шайқасына қатысқан. 1944 жылдың аяғына дейін Беларусь майданында фашистерге тойтарыс берген. Көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1944 жылдың 15 тамызында Облясы-Дворсии елді мекенінде  әкеміз Канат от пен оққа оранған қаһарлы майдан даласында жаумен тіресе жүріп, табандылығымен, төзімділігімен миномет, артиллериядан жауған оқтан жарақаттанған 2 жауынгерге  алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге алып шығарады. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып шабуыл жасаған екі  неміс әскерінің біреуін өлтіріп, екіншісін тұтқынға алған. Осы ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ » орденімен марапатталған.

Соғыс аяқталған соң 1945 жылы аман-есен Т.Жароков ауылына  қайта оралып, үйленеді. Әкем анам Майғаным екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. Түрсын, Үмсын және мен, Жаңылғаным. Қазіргі уақытта үлкен қызы Тұрсын, өзімнің үлкен апам 2007 жылы аяқ астынан дүние салды. Ортаншы апам Ұмсын зейнеткер, Бисен ауылында тұрады. Өзім де қазірге кезде Оралда тұрамын, зейнеттемін. Әкем  мен анам  абыройлы, елге сыйлы, өте еңбекқор, адал жандар еді.

Бейбіт өмірде үлгі болатындай өмір сүрді. Әсіресе, тың көтеру кезеңінде, ауыл шаруашылығының қарапайым жұмысшысы ретінде тың совхозы құрылғанда, оның өндірістік-әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге көп еңбек сіңіреді. 1978 жылы 13 тамызда 84 жасында дүниеден өтті. Әкем бізге соғыста мара­патталған ордендері мен медальдарын, суреттерін, хаттарын көрсетіп,  қайсысын қай жерде алғанын, не үшін  бергенін айтып отыратын. Көп сөзі жоқ әкем: «Отан аман, ел тыныш болсын, сендер соғысты көрмесеңдер екен» деп тілейтін. Біз, қыздарымыз, әкеміз соғысқа қатысқан батыр, көптеген марапаттары бар деп мақтанатынбыз. Кезінде мектептегі кездесулерге шақырып, әңгіме айтқызатын. Балаларды патриоттыққа тәрбиелеуде үлгі-өнеге ететін.

«Ер есімі– ел есінде». Ұлы Жеңіс мерекесіне 70 жыл толды. Ерлердің қасиетті рухы бейбіт өмірімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Сондай-ақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз бар. Ұрпағы барда аталардың аты да, рухы да өшпек емес.

Дегенмен біз  Отан үшін от кешкен асқар тауымыздың орны бөлек екенін жан-тәнімізбен ұқтық. Ол бізге бүгінгі бейбіт өмірді сыйлады. Қаһарман қайсарлықтың қас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігер танытқан әке бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады

www.zhaikpress.kz

Жанылғаным Сұлтанова (Рысқалиева),

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале