4.04.2016, 18:31
Оқылды: 22

Ресейдің Саратов облысында Наурыз мейрамы кеңінен тойланды

Saratov nauriz      3 сәуір күні БҚО-мен көршілес Саратов облысы Александров Гай ауданында Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. Оған осы өңірдің барлық  аудандары мен қалаларынан, сондай Батыс Қазақстан облысынан арнайы делегациялар қатысты.

      Наурыз мейрамына Саратов облысындағы қазақ ұлтының өкілдері барынша көбірек келіп, бір-бірімен құшақтаса көрісіп, ұлттық салт-дәстүр мен өнерімізді қадірлеп, қастерлейтінін көрсетті. Жалпы, Батыс Қазақстанның Қазталов ауданымен шектесетін Александров Гайда 18 мың халық тұрса, соның 52 пайызы - қазақтар.


      Делегациялар мен құрметті қонақтарды Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев пен аудан басшысы Сергей Федечкин қабылдап, құрмет көрсетті. Содан кейін орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздікпен еске алынды.

      Қараөзен жағасында орын тепкен орталық саябақ ішіне жағалай тігілген жиырмаға жуық киіз үйде наурыз көже мен басқа да ұлттық тағамдар ұсынылды. Жәрмеңке, көрмелер де ұйымдастырылды. Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр бастаған аудан делегациясы да киіз үй тігіп, Наурыз мейрамына өз үлестерін қосты.

     Орталық алаңда концерттік бағдарлама қойылып, онда негізінен қазақтың әндері орындалып, билері биленді. Жұртшылықты Саратов облысының басшысы В.Радаев пен БҚО әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Концерт барысында Саратов облысының шығармашылық ұжымдарымен бірге Батыс Қазақстаннан барған Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері, Оралдағы «Яик» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазталов ауданының өнерпаздары, Жалпақтал ауылындағы «Қыз Жібек» термешілер ансамблі сахнаға көтеріліп, өз өнерлерін көрсетті.

 www.zhaikpress.kz

  Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале