9.10.2015, 21:25
Оқылды: 22

Сайқұдықтағы жыр тойы

Akjayik saikydiktagi jir toyi  Жыр тарланы, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің 95 жасқа толуына байланысты оның балалық шағы өткен Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында үлкен мереке ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары арасында облыстық «Ұлықтайды Жұбанын туған елі» атты «Жұбан оқуымен» басталған бұл айтулы күнге жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі.

Шараға әйгілі өнер зерттеушісі, композитор, қаламгер, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Ілия Жақанов қатысты.

«Жұбан оқуын» аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова ашқан соң қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов байқаудың жалпы ережелерімен таныстырып шықты.

27 үміткер қатысқан оқудың алғашқы «Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын» бөлімінде оқушының жан-жақты поэзияны сүйетіндігі, оны талдай білетіндігі, мәнерлеп оқи алатындығы таразыланды. Ал «Мен балаң жырларыммен жалындаған» атты бөлімінде оқушы өз шығармашылығымен даралануы тиіс болды. Яғни, ақындық қабілеті, жыр мазмұнында Ж.Молдағалиев тұлғасын терең суреттеуі таразыға тартылды.

«Жұбан оқуында» үздік деп танылған жасөспірімдерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары берілді. Ақын өлеңін мәнерлеп оқудан Есенжан Аманжолов (Ақжайық ауданы) І орын алды. Оған Ілия Жақанов облыстық білім басқармасының дипломын, аудандық білім бөлімінің сыйлығы – ноудбук табыстады. Дәл осындай марапаттарға өз шығармашылығымен қол жеткізген Данияр Нысанғалиевке (Жаңақала ауданы) бұл сыйлықты аудан әкімі Әділ Жоламанов тапсырды.

Салтанаттың шырайын аудан көркемөнерпаздары «Жайықтың ұл-қыздары-ай», «Ғашық болып өтеміз», «Ақжайық өлкем», «Еділ мен Жайық» және басқа әндермен одан әрі асырды.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале