8.10.2015, 16:12
Оқылды: 21

Салтанат сарайында өткен дөңгелек үстелге елімізге белгілі саясаткерлер қатысты

Dos koshim mangilik el    Қалай қабырғалы Қазақ мемлекетін қалыптастырамыз? Қайтіп мақсаты биік, мұраты асқақ Мәңгілік елге айналамыз? Оған жету үшін ұлт зиялыларының қосар үлесі қандай болуы тиіс? Міне, осындай ордалы сауалдарға жауап іздеген «Парыз» пікірталас клубы оралдық зиялы қауым өкілдерін келелі кездесуге шақырды. Салтанат сарайында, дөңгелек үстел басында өткен басқосуға жергілікті танымал тұлғалардан бөлек, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, «Парыз» пікірталас клубы жетекшісінің орынбасары Дос Көшім, философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысты.

Басқосуда сөз алған Дос Көшім жаңа пікірталас клубын ашуға қандай қажеттілік түрткі болғандығын баяндады.

Батыс Қазақстан облысына келген сапарымда жергілікті ассамблея өткізген шараға куә болғаным бар. Орыстар, украиндар, шешендер Сырым батырдың басына барып, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін Жымпитыдағы Батыс Алашорданың мұражайына барып жалынды сөз сөйледі. Бұдан шығатын түйін – Қазақстан тарихы тек қазақтың ғана емес, олардың да ортақ тарихына айналып келеді деген сөз. Тағы бір айтатын жайт – Қазақ хандығының 550 жылдығын тек қазақ халқы тойлап жатырған жоқ, ол жалпы мемлекеттің мерекесі. Міне, осындай мәселелерде ұлт зиялылары өзінің кесімді сөзін айтуы тиіс. Сонда ғана қоғамда тұрақтылық, бейбіт өмір болады» - деді Д.Көшім.

Әріптесінің сөзін жалғаған публицист Әбдірашит Бәкірұлы бүгінгі Қазақстан жағдайында «аққу, шаян және шортан» секілді жан-жаққа тартпай, оппозициядамын деп өрекпімей, келісіп пішкен тонның қонымды болатындығын тілге тиек етті.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева бұл қоғамның бір дерті – идеологияны мықтап ақсатып, әлсіретіп алғанымыз деген ойын жеткізді. «Экономика, нарық деп жүгіріп жүргенде, біз, елдің санасын тәрбиелейтін, ақыл-ойға бастайтын, сауатты сөйлеп, жаза білетін идеологтарды тәрбиелеуді тарс ұмыттық. Артынан әр жерден әркім бірдеңе айтқан болды. Бірақ, ұлттық интеллигенцияның басы бірікпеді. Ал ұлттың өзге ұлттарды сыйлата білуі өзіне байланысты» - деді ақын.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале