20.04.2016, 17:16
Оқылды: 29

«Салтанат» шаруа қожалығы ерлер командалары арасында аудандық волейбол турнирін ұйымдастырды

Akjayik otanasi yimdastirgan turnir     Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақжайық ауданының Алмалы ауылында ерлер командалары арасында аудандық волейбол турнирі ұйымдастырылды. Ал бұған ұйытқы болған өңіріміздегі кәсіпкерлік қарлығаштарының бірі – «Салтанат» шаруа қожалығының жетекшісі, еңбек ардагері Маржан Өмірбаева. Еңбеккер, тәлімгер, үлкен отбасының отанасы ол мал шаруашылығы білгірлерінің бірі болып табылатын, алмалылықтардың шамшырағына айналған жан. Маржан апа бұған дейін де жылдар жүзінде жастарды саламатты өмір салтына ұйытатын осындай жарыстарды өткізуге бастамашы болды.


    Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Жоламанов еңбек ардагерінің бұл өнегесі үшін оған зор перзенттік алғысын арнады. М.Өмірбаева бұл шараны жоғары дәрежеде ұйымдастыруға мұрындық болған ауыл әкімі Айдынғали Елеусіновқа ризашылығын жеткізді.

     Қабыршақты, Базартөбе, Базаршолан, Тайпақ, Ақжол, Чапаев, Алмалы ауылдық округтерінің және «Жігер» спорт клубының командалары қатысқан жарыс бірден-ақ қызып, жанкүйер-көрермендердің делебесін қоздырды. Ең өрнекті, айшықты ойынды алаң иелері – Алмалы командасы көрсетіп, жалпыкомандалық есеп бойынша I орынды иеленді. II орын Тайпақ, III орын «Жігердің» ойыншыларына бұйырды.

     Сонымен қатар аталымдардың иелері белгілі болды. Ахмедияр Ишанов (Алмалы) «Ең үздік ойыншы», Мейірхан Мақсотов (Қабыршақты) «Үздік ойыншы», Данияр Бакишев (Тайпақ) «Үздік шабуылшы», Қасым Батырғалиев (Алмалы) «Үздік қорғаушы», Райбек Қуаныш («Жігер») «Үздік байланыстырушы» атанды. Маржан апамыздың ұлы Салтанат Масалимов дипломдар, медальдар, ақшалай сыйлықтар және кубок табыс етті. Сондай-ақ аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Жазықбаев аудандық, облыстық, республикалық турнирлерде белсенділік танытып жүрген, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы ретінде Жігер Сатқановты (Алмалы) мадақтап, өз атынан сыйлық тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале