24.02.2015, 1:49
Оқылды: 25

Салықты уақтылы төлемегендер 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЗИЯН КЕЛТІРГЕН


 Жақында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде экономикалық тергеу қызметі тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.


Жиынды жүргізген аталмыш департамент басшысының орынбасары Жасұлан Мекебаев бұрынғы салық және кедендік бақылау комитеттерін біріктіріп отырған мекеменің жұмыс ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда ұлғайғанын айтып, департаментке қарасты экономикалық тергеу жүргізу қызметінің маңызына тоқталды. Оның сөзінше, экономикалық тергеу жүргізу қызметі - мемлекеттік кірістер департаменті құрамындағы ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылым. Бұл бөлімнің негізгі қызметі көлеңкелі экономика, салық, кеден және қаржы саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтап, оның жолын кесу және бюджет түсімінің артуына ықпал жасауға бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін мекеме қызметкерлері Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, департамент қызметкерлері кәсіпкерлік нысандарды негізсіз тексермейді. Енді олар тәуекелді кәсіпорындардың жұмыстарын сараптап, мердігер мекемелердің ұрлық фактілерін анықтауды жоспарлап отыр. Олар мемлекеттік сатып алу және экономикалық контрабанда, азық-түлік пен арақ-шарап өндірісі, мұнай өнімдері айналымы, ойын бизнесі секілді күмәнді бизнес түрлерін заңға сәйкес тексеріп, олардың мемлекетке келтірген шығындарын ерікті түрде төлеуіне мүмкіндік береді. Сөйтіп, мемлекет бюджетінің толығуына оң ықпал жасайды. Сондай-ақ қылмыстық іс қаралып жатқанда, азаматтардың конституциялық құқығын бұзуға жол берілмейді.

- Экономикалық тергеу жүргізу қызметінің белсенді жұмысы қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Нәтижесінде жыл басынан бері сотқа дейінгі 52 іс тіркелді. Бұл ретте келтірілген шығын мөлшері 5 млрд. теңгеден асып түседі. Осы 52 істің 13-і жалған кәсіпкерлікке қатысты болса, салықтан жалтарғандар ісі - 4. Салықтарын уақытында төлемегендер 1 502 117 356 теңгеге зиян келтірсе, экономикалық контрабанда бойынша тіркелген 4 қылмыстық істің кесірінен келген шығын көлемі 26 861 145 теңгені құрады. Сондай-ақ жалған банкрот жасау бойынша үш, қаржы саласы бойынша 20-дан астам іс тіркеліп, 395 441 009 теңгеге зиян келтірілген. Барлық іс бойынша келтірілген шығын көлемі 5 079 706 798 теңгені құрайды және мұның 104 274 235 теңгесі бүгінде өндіріліп алынды, - деді Жасұлан Жеңісұлы жиында сөйлеген сөзінде.

Бұдан соң көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Эрик Алдабергенов пен қаржы саласындағы құ-қықбұзушылықтарды тергеу басқармасының басшысы Арна Мырзағұлов өз басқармаларында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Жиын барысында жергілікті БАҚ өкілдері құзырлы мекеме қызметкерлеріне көтеріліп отырған мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойып, оған мамандар тиісті жауаптарын берді.


Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале