16.07.2015, 20:21
Оқылды: 19

Салғырт әкім сынға қалды

акимБүгін Зеленов ауданында әкімшілік отырысы оздырылып, күн тәртібінде Раздольный ауылдық округі әкімі Ғалиолла Жүкеевтің мәселесі қаралды. Округке жасалған тексеру барысында өрескел кемшіліктер анықталған.

Атап айтсақ, мемлекеттік рәміздер талапқа сай орналастырылмай, ғимарат сыртына Герб орнатылмаған әрі жарықтандырылмаған. Елбасының жолдауын насихаттау ісі қолға алынбай, көрнекілік тақта 2012 жылғысымен қалған. Сондай-ақ құжаттар рәсімдеуде өрескел олқылықтарға жол беріліп, мемлекеттік тілге көшу мүлдем қолға алынбаған. Әкімнің елді мекендерге шығу кестесі жасақталмай, тұрғындардың арыз-шағымына арналған жәшік қолжетімді жерге қойылмаған. Жергілікті қауымдастық мүшелерімен өтетін отырыстар мүлдем өтпеген. Округте ауыл шаруашылық дақылдарын егу жоспары орындалмай, мемлекеттік бағдарламаларға тұрғындардың қатысу белсенділігі төмендеп кеткен. Ауыл мектебінен қазақ сыныптарын ашуды ұйымдастыру жайы ұмыт қалған. Округте мемлекеттік тілді үйрену курстары 2008 жылдан бері ұйымдастырылмаған. Соңғы үш жылда бір де бір тұрғын үй салынбай, ауыл көшелерінің бір де біреуі тәуелсіздік талабына сай ауыстырылмаған. Округтің спортта, білім беруде, қоғамдық шараларда белсенділігі төмендеп кеткен.

Әкімшілік отырысына жемпірмен келген Жүкеев мырзаның ақталмақ ниетте айтқан уәжін аудан басшысы тыңдап та жатпады. Жұмысты мүлдем қойған әкімді қатты сынға алып, өз еркімен орнын босатуын ескертті.

Жиын қорытындысында олқылықтарды түзетуге бір ай мерзім кесіліп, қарар қабылданды. Бірақ жылдар бойы атқарылмаған маңызды жұмыстарды бір айда тындыру әсте мүмкін емес қой.

www.zhaikpress.kz

НҰРЖАН ДҮЗБАТЫР

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале