4.08.2015, 17:43
Оқылды: 29

Сапалық жоғары деңгейге көтеріледі

Nakti 100 kadam  Сейсенбі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасында кезекті брифинг өтіп, онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиясының басым бағыттарының бірі – кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында қолға алынған жаңа реформалар төңірегінде мәлімет берілді. БАҚ өкілдері алдында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі БҚО департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев хабарлама жасады.

Оның айтуынша, таяуда қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы нақты бағыттары айқындалған. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлімінінің 1-қадамы – мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналып, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Мәліметтерге жүгінсек, бүгінде елімізде 99 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Заман талабына сай «А» және «Б» корпустары жасақталды. Елбасы оны одан әрі жетілдіріп, еліміздің ілгері дамуының ең басты кілті басқарушылық тетіктерде тұрғанын атап көрсетті. «100 нақты қадамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясын ел санасына қалыптастыратын да, ілгері апаратын да мемлекеттік қызметкерлер.

Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Еңбек жолын институтта алған біліміне сәйкес бастап және сол салада біршама еңбек атқарып,  биліктің барлық баспалдақтарынан өткен мемлекеттік қызметкердің алғаш басынан өткен қиындықтары, тапсырмалар мен сынақтар, әр баспалдақ сайын кездесетін тосын сәттер ұмытылмасы, көкейінде сайрап тұрары анық. Маңызды құжаттағы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өміршеңдігін бүгінде көпшілік айтуда. Бұрынғы мемлекеттік қызметші туралы заңдарда үш айлық сынақ мерзімі көзделген еді, ендігі қадамдарда 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі 3 және 6 айлық межелік бақылаудан өткізілмекші. Қызметке деген адалдық, еңбексүйгіштік, Отанға деген патриотизм – Елбасының мемлекеттік қызметкерлер алдына үнемі қойып келе жатқан талабы екені мәлім. Енді осы талаптар мемлекеттік қызметтің есігін алғаш аттаған жас маманның бойына нақты қадамдар арқылы сіңірілмек.

«100 нақты қадам» мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсуді көздейді. Еңбекке ынталандыру қай салада болсын маңызды екені мәлім. Бұл орайда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру бағдарламаның 5-інші, 6-ыншы қадамдарында көрсетілген. Жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы десек, «100 нақты қадамда» бұл жағы да ескерілген. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде берілетін болады. Мұның өзі қызметкердің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатын жәйттар.

Сарапшылар «100 нақты қадамдағы» мемлекеттік қызметке қатысты 15 қадам жүзеге асатын болса, Қазақстан әлемдегі мемлекеттік қызмет үлгісі ең үздік 30 елдің қатарына қосылатынын айтуда.

Брифинг соңында Нұрлан Сүйінбаев журналистердің сауалдарына жауап берді.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале