26.02.2016, 19:54
Оқылды: 31

Сапалы жұмысының арқасында зауыт өткен жылдары «Алтын сапа» белгісіне ие болған

ZKMK   «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ 2003 жылы «Металлист» Орал зауыты» ААҚ-ның негізінде құрылды.  Алғашқыда машина құрылысына қажетті  өнімдер өндірумен айналысқан компания уақыт өте келе мұнай-газ саласының заманауи құрылғыларын дайындауды қолға алды.


    Соңғы жылдары кәсіпорын өзінің жұмыс ауқымын кеңейту мақсатында жаңа цехтардың құрылысын жүргізіп, оларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтады.  Бұл зауытқа мұнай қыздыратын пештер мен газ айдағыш агрегаттарды және оларға қажетті металл құрылғыларын даярлауға мүмкіндік берді. Кәсіпорында бұдан басқа дайын өнімдер мен пайдаланылған материалдардың сапасын қадағалайтын сынақ орталығы да жұмыс істейді.

     Жақында біз облыс әкімдігі қызметкерлері ұйымдастырған пресс-тур барысында зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдық. Зауыт қызметкерлері бізді кәсіпорынның үш цехына апарды. Біз барған алғашқы цехта газтурбиналық  қозғалтқыштар мен басқа да қосалқы бөлшектерді жөндеумен айналысады екен. Аталмыш цехтың инженер бағдарламашысы, әрі технологы Александр Өтебалиевтің айтуынша, цех заманауи технологиялармен жабдықталған. Мысалы, «Sulzer Metco» компаниясынан шыққан құрылғылар беткі қабаты зақымдалған газотехникалық бөлшектерді қалпына келтріп, плазмалық қаптауға мүмкіндік береді. Плазмалық қаптау қосалқы  бөлшектерді қатты қызып кетуден, таттанудан сақтайды, сөйтіп техникалық бөлшектердің қолданылу мерзімін ұзартады. Қапталмас бұрын бөлшектер құрылғылар көмегімен әбден тазартылады. Осы жұмыстың бәрі автоматты түрде жүзеге асырылады.

   Келесі цехта мұнай саласына қажетті құрылғылар дайындалады екен. Біз барғанда жұмысшылар мұнай қыздыратын пештер мен мұнай өнімдеріне арналған ыдыстар жасау бағытында жұмыстанып жатты. Аталмыш цехтың жұмысы жайлы бізге кәсіпорынның өндірістік директоры Мереке Шәкенов баяндап берді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда цехта мұнай өнімдерін қыздыратын пештің үш түрі жасалады.

    -Олар - ПТБ 6-10, ПНЕ -2-7, АПТ-16-150 маркалы пештер. Бұдан басқа мұнай өнімдерін сақтауға арналған ыдыстар дайындалады. Кәсіпорын 2014 жылы «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» компаниялармен бес жылға келісімшартқа отырды. Кәсіпорын былтыр ПНЕ -2-7 маркалы үш пеш  және ПТБ 6-10 маркалы бес пеш жасап шығарды. Биыл да алғашқы жартыжылдыққа тапсырыс бар, қазір соларды орындауға күш салып жатырмыз. Сондай-ақ, жақында тендер өтеді. Егер тендерді ұтып алсақ, онда жұмысымыз бұрынғыдан да қыза түседі. Өнім дайындау үшін шикізаттың 50 пайызын Ресейден аламыз, 50 пайызы өз еліміздікі.  Пеш дайындаудан басқа біздің кәсіпорын белгілі «General Electric» компаниясының инженерлерімен бірігіп,  газ айдайтын роторлар жөндеуді де қолға алды.  Қазіргі таңда МС-502 газ айдағыш роторы жөнделуде. Шетелдік компанияның инженерлері зауыт инженерлеріне бейнесөйлесу арқылы кеңес беріп, газ айдағыш роторларды өз күшімізбен жөндеп шығуға  көмектесуде. Мұнда тек «General Electric» компаниясының ғана емес, сонымен қатар Ресей, Украина елдерінен келген роторлар да жөндеуден өтеді. Былтыр газ айдағыш ротордың төртеуін жөндесек, биыл әзірге ротор жөндеу бойынша тапсырыс түскен жоқ. Мұнда, жалпы орта есеппен жылына бір немесе екі ротор жөнделіп шығады. Кәсіпорын инженерлері мен жұмысшылары түгел аттестациядан өткен, шетінен білікті. Осы цехта 100 адам жұмыс істесе, жалпы кәсіпорында 600-ден астам адам тұрақты жұмыста. Зауыт жұмысшылары замануи технологияның кез келген түрін «General Electric» компаниясының инженерлерімен біріге отырып, күрделі жөндеуден өткізіп бере алады. Айта кететін бір жәйт, біздің кәсіпорын - газкомпрессорлық станция мен газтурбиналық электр станцияларының құрылғыларын жөндеу бойынша ISO 9001:2008, ISO 14001:2004, OHSAS 18001:2007, Lloyd’s Register халықаралық стандарттар талабына сәйкестік сертификатына  ие болып отырған еліміздегі әзірге жалғыз компания. Кәсіпорын шеберлерінің сапалы жұмысының арқасында зауыт өткен жылдары «Алтын сапа» белгісіне ие болды, - деген Мереке Нұрланұлы бізді енді турбожөндеу цехына алып барды.

     Аталмыш цехтың шебері Айбын Сисеновтің сөзінше, мұндағы құрылғылардың барлығы да заманауи технологияға сай. Бұларды тәп-тәуір меңгерген цехтың оншақты жұмысшысы осындағы оқу орталығынан білім алып, содан соң шетелдерге барып, арнайы оқу курсынан өткен. Оның сөзінше, кәсіпорын басшылығы білікті мамандарға ерекше жағдай жасайды. Оның сөзін растаған Мереке Нұрланұлы басшылықтың жақсы мамандардың оқып, білім алуына, сондай-ақ, баспаналы болуына көмектесетінін  айтты.

    Оның сөзінше, кәсіпорын кадр мәселесіне де қатты көңіл бөледі. Зауыт жанында көптен бері жұмыс істеп келе жатқан «Энергетик» атты оқу орталығы жұмысшыларды зауытқа қажет мамандықтарға қайта оқыту арқылы жастардың кәсіби шеберлігін шыңдауда. Сондай-ақ, зауыт Харьков авиация институтымен де тығыз байланыста. Оқытушылар құрамы мықты саналатын аталмыш институтқа тапсырыс беру арқылы кәсіпорын бүгінде өзін жоғарғы деңгейлі мамандармен толық қамтамасыз етуде. Аталмыш институттан білім алған жастар бүгінде кәсіпорында «Газ компрессоры стансасын пайдалану мамандығы» бойынша жұмыс істеп, зауыт жұмысының ілгерілеуіне ықпал етуде.

www.zhaikpress.kz

    Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале