23.06.2015, 18:15
Оқылды: 25

Сарайшықта жеті хан, Ордада Жәңгір хан жерленген

Astanadan Astanaga inform   Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ұйымдастыруымен, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен жолға шыққан «Астанадан астанаға» халықаралық ғылыми экспедициясы Атырау облысындағы Сарайшық пен Батыс Қазақстандағы Хан ордасы ауылында болды.

Аталмыш орталық директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовтың айтуынша, Сарайшық, Орда, Орынбор сияқты қазақ тарихында ерекше орын алатын қалаларда болып, зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейтін экспедиция Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы қолға алынып отыр.

Құрамында қазақстандық және ресейлік ғалымдар бар экспедиция мүшелерін 21 маусым күні өңірдің зиялы қауым өкілдері мен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов сәттілік тілеп, шығарып салған болатын.

Атырау облысындағы Сарайшық қалашығының ел шежіресіндегі орны айрықша. Ол - қазақтың алғашқы астаналарының және ең көне тарихи орындарының бірі. Сарайшық ХІV-ХVІІ ғасырларда қолөнері мен сауда-саттығы дамыған, ірі қалалардың бірі болған. Ол туралы арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшы Ибн-Батутаның: «Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деген бірінші жазба деректі қалдырғаны мәлім. Сол секілді 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасаған кезінде Сарайшық қаласына соққан ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон: «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан, қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазды.

Айта кетейік, экспедиция бұдан кейін 1920-1925 жылдары Қазақстан астанасы болған, қазақтың талай қайраткерлерінің ізі қалған Ресейдің Орынбор қаласына бағыт ұстамақ. Экспедиция 24 маусым күні қорытындыланбақ.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале