31.05.2015, 21:00
Оқылды: 47

Саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым жасалды

JAnibek sayasi kygin syrginБүгін 31 мамыр -  Жаппай  саяси қуғын-сүргін  және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Жәнібек ауданы орталығында  аруақтар рухына арналған еске алу шарасы оздырылды.

Елбасы Н.Назарбаевтың  1993 жылғы 5 сәуірдегі  Жарлығымен  31 мамыр –  Саяси қуғын-сүргін  құрбандарын еске алу  күні деп жариялауына сәйкес, сол жылдардан бастап ұлтының уысына еркіндіктің тізгінін ұстатуға ұмтылған, сол жолда мерт болған, жаппай геноцид саясатының құрбаны болғандарды еске алуды халқымыз дәстүрге айналдырған еді. Біздің борышымыз – осы қанқұйлы  жылдардың оқиғасы мен оның жазықсыз  құрбаны болған азаматтардың  есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.  Бүгін  құрбандар рухына ұрпақ тағзымы ретінде  Алма Оразбаева ескерткішіне  аудан әкімінің орынбасары  Аманжол Қадырбеков пен аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы  Бекет Әліпқалиев, Жаппай  саяси қуғын-сүргін  және ашаршылық құрбандары  ескерткішіне аудандық мәслихаттың  хатшысы  Тахир  Қадимов, аудандық  «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Сағынбек Стамов, революция құрбандары ескерткішіне  облыстық мәслихаттың депутаты  Ескендір Елемесов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі  Меркен Кенжеғалиевтер гүл шоқтарын қойды.  Құрбандар рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы  Айдарбек Жұманиязов  жазықсыз жазалаудың құрбандары  туралы тарих өткелдерінен хабар беретін  баяндама жасады.

Мұсылмандық дәстүрмен құрбандар рухына  аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Қадырұлы құран бағыштады. Жұртшылық шелпек пен бауырсақтан ауыз тиді.

www.zhaikpress.kz

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале