11.08.2016, 16:27
Оқылды: 17

Сақшылар «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға қайырымдылық жасады

              Ольга  Водениктова көп балалы ана. Бұл отбасы Орал қаласындағы Ружейникова көшесі №13 үй мекен-жайында орналасқан бес қабатты жатақхананың  бір  бөлмесінде тұрып жатыр. Отбасында өрімдей, тәрбиелі үш ұл мен үш  қызы бар. Балалардың анасы Елена Викторовна отбасындағы озат, сабаққа алғыр, зейінді бүлдіршіндерімен мақтанады. Сынып  жетекшілері де бұл отбасының  мектеп жасындағы оқушыларын әркез мақтанышпен айтып жүреді.ІІБ акция

1983 жылғы Ольга Викторовна жұмыс жасамайды, жолдасы үй құрылысына қажетті шатырлар дайындайтын ұйымның қызметкері. Бар тапқан-таянғанын үйге таситын еңбекқор жан екен. Қазір үйдің үлкендері Ирина мен Анатолий саяжайда отағасына көмектесіп, көктемде еккен жеміс-жидектер мен көкөністерді жиып-теріп, суарысуда. Отбасындағы  Ирина есімді қыз бала мен Анатолий есімді ер бала облыстық көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Ирина бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылған байқаулардың жүлдегері. 2016 жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының Самара қаласында өткен республикалық «Жұлдыз-ай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық кезеңіне қатысып, 1 орынды жеңіп алған.

«Қызым мектеп қабырғасындағы мәдени шаралар мен білім сайыстарынан шет қалған емес. Мектебінің мақтанышына айналғаны мені қуантады. 2015 жылы дәл осындай байқауға қатысып, 2 орынмен марапатталған еді. Биылғы жылы Иринаның бағы жанды. Ол облысқа 1 орынмен  оралды», -дейді мақтанышын жасыра алмаған ана біздерге алғыс хаттарын көрсетіп жатып. Ұлы Анатолий спорттық ойындардың тоғызқұмалақ түрінен бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Үш баласы «Кожсыревой» ауданындағы №13-жалпы білім беретін орта мектепте оқиды. Ең кішкентайына 1 жас 4 ай ғана толған.

Осынау көп балалы, айрандай ұйып, саяжайда ала таңнан қара кешке дейін жер тырмалап, еңбек етіп жүрген отбасына республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында БҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы полиция подполковнигі Нұртай Лезовтің бастамасымен демеушілік көмек көрсетілді. Нұртай Лезов және «Батыс капитал лимитед» ЖШС-нің өкілі Елена Кармиева мектеп жасындағы  оқушы балаларға костюмдер мен спорттық киімдер, жылдың әр маусымына арналған түрлі  аяқ киімдер, кроссовкалар, түрлі-түсті сапалы портфельдер сатып әперіп, табыстады. Жылы киім-кешекке қарық болған отбасындағы бүлдіршіндер күлімдеп, сыйлық жасаған аға-апаларының сенімін ақтап, сабақтарын тек қана «бес» деген бағаға оқуға уәде берді. Бұнымен қоса, Нұртай Лезов пен  Елена Кармиева отбасына арнап сатып алған тәттілер мен жеміс-жидектерді дастарханға толтыра жайып, хал-қуаттарын сұрап шүйіркелесе әңгімелесті.

-Барлық жақсылық балаларға арналып отыр. Сабақтарын үздік оқиды, мейірімді әрі тәртіпті балалар. Мектеп басшылығы әркез мақтап айтады. БҚО ІІД ӘПБ қайырымдылық акциясы шеңберінде көп балалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын аралап, көмек жасауда. Балалар-біздің болашағымыз. Ертең-ақ олар да өсіп-өніп мемлекетіміздің өркендеуіне зор үлестерін қосатынына сенеміз. Акция 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Жомарт демеушілердің қызмет өрісі кеңейіп, бастамалары жандана берсін деп тілейміз,-дейді БҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы Нұртай Лезов.

Білім мерекесі қарсаңында құшақтары тола сыйлыққа ие болған көп балалы ана Ольга Водениктова  жандары жомарт, жүректері мейірімге толы демеушілер мен тәртіп сақшыларына рахметін айтты.

Гүламан Исмагулова

Орал қ.ІІБ баспасөз қызметі 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале