16.05.2016, 17:18
Оқылды: 47

Смарт технология дамып келеді

 orlau seminar01   Облыстық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Smart-технологиялар: халықаралық тәжірибе және отандық практика» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

   «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен шара смарт білім берудің отандық және халықаралық тәжірибесімен алмасу, педагогтарға  смарт технологияларды қолдануды үйрету және сауаттылығын арттыру, Қазақстанда смарт қоғамды қалыптастыруды және оны дамытуды  көздейді.


      Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәз Ахметова, облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Германиядағы вальдорф педагогикасының кураторы Александр Штольценбург, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының директорлары, облыстық, аудандық білім беру мекемелерінің мамандары қатысты.

       Пленарлық мәжілісте  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚ БАИ» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты София Салахадинова құттықтау сөз сөйледі.

     - Аталмыш республикалық конференция Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында қолға алынды. Бүгінгі таңда смарт технология цифрлық технологиялардың ішінде ең озығы саналады. Үздік технологияларды облысымыздың барлық  педагог-кадрларына  үйрету біздің басты міндетімізгне жатады. Осы мақсаттарға жету үшін біз тек отандық практикаға ғана емес, халықаралық тәжірибеге де сүйеніп келеміз. Осы шарада шетелдік мамандардан смарт технологияларды қолданудың халықаралық тәжірибесін үйреніп қана қоймай, біліктілікті арттыру жұмыстарында кездесетін негізгі мәселелерді анықтауға мүмкіндік туып отыр, - деп конференция жұмысының мән-маңызына тоқталып өтті.

     Бұдан кейін өңір басшысының орынбасары Марат Тоқжанов сөз алды.

      - Бүгінгі смарт технологияларды пайдалану заман талабы десек, 2013 жылдан бастап қолға алынған бұл жүйе  облыс деңгейінде жақсы жолға қойылып келеді. Біз осыған дейін түрлі ақпараттар алу үшін көбіне  компьютерге сүйенсек,  енді смарт технологиялар арқылы да қол жеткізуге мүмкіндік алудамыз. Бұл тәжірибе білім беру жүйесінде әлдеқайда тиімді болмақ. Өйткені кез-келген жаңа ақпаратты ыңғайлы әрі жедел түрде оқу практикасына енгізуге мүмкіндік алып, оқушылар мен студенттер кәсіби деңгейлерін көтере алады. Жаңа жүйелер арқылы білім саласындағы бәсекелестікті арттыра алсақ, басты жетістігіміз деуге болады. Смарт жүйесін қолдануда біздің облыс өзге өңірлермен салыстырғанда алдыңғы орында тұр. Бұл бір ғана адамның емес, ұжымның еңбегі деп бағалауымыз керек, - деген Марат Лұқпанұлы семинар жұмысына сәттілік тіледі.

    Пленарлық отырысты одан әрі Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәз Ахметова жалғастырды.

         - Бүгінгі конференцияның аясында қойнауы қазынаға, өрісі малға толған, халқы еңбекқор, азаматтары зиялы, мәдениетті өлкеде сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Қазақ даласының Ромеосы мен Джулеттасы атанған Қыз Жібек пен Төлегеннің еліне алғашқы келуім менің өмірімдегі жарқын естеліктермен есте қалады деп сенемін. Бұл өлке өнер мен әдебиеттің өлкесі десек, алдымен Бөкей ордасында туып барша қазақты әлемге танытқан күй атасы – Құрманағзы мен Дина Нүрпейісовалардың есімі еске түседі. Тіті әлемдік әдебиеттің классиктері А.Пушкин мен М.Шолоховтар да осы өлкенің суын ішіп, ауасын жұтып, әйгілі шығармаларын жазуға шабыт алған. Бұл жер қазақтың біртума ақындары Қадыр мен Жұбанның туып өскен мекені. Сондай-ақ, білім мен ғылымның да өлкесі деп айтуға да толық негіз бар. Қазақ даласындағы ең алғашқы мектеп Жәңгір ханның үкімімен ашылса, аты әлемге танылған академик Асан Таймановтың зерттеген математика ғылымы бүгінгі ақпараттық технологиялардың ғылыми негіздерінің біріне жатады.

orlau seminar02

     Халықаралық біліктілік зерттеулері бойынша ХХ ғасырда әрбір екі жыл сайын ақпараттар көлемі екі есе өсіп, адамның ақпаратты қабылдау деңгейі де соғұрлым артып келеді. Сондықтан бүгінгі конференция жұмысында дұрыс ақпараттық кеңістікті дамыту  аса маңызды мәселеге айналып отыр. Смарт технологияны игеру, оны қолдану және жүзеге асыру қазіргі білім беру жүйесінде таптырмас әдістемелік құралдың бірі саналады, - деді өз баяндамасында  Гүлнәз Кенжетайқызы.

    Одан әрі Финляндия мемлекеті, ХАМК қолданбалы ғылымдар университетінің ұстазы Санна Рухалахти, Белгород мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент К.Харченко, Германиядағы вальдорф педагогикасының кураторы Элке Винтер және Ұлыбритания, Австралия, Ресей, АҚШ, Канада елдері мамандарының онлайн-баяндамалары тыңдалды. Олар білім беру үдерісінде смарт техниканы белсенді қолдануға бағытталған халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.

    Пленарлық мәжіліс түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты. Мұнда қазақстандық  білім берудің мазмұны, әдістемесі және сапасы, цифрлік білім беру контентін жасақтау, инклюзивті білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану, ауыл мектептерінде жаңа технологияларды пайдалануда туындайтын кейбір мәселелер мен олардың шешу жолдары айтылып, мамандар пікірі  талқыға салынды.

 www.zhaikpress.kz

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале