2.09.2016, 10:40
Оқылды: 38

Солтүстіктен жел тұрса… Тасқалаға целлофан «жауады»

Taskala salafan2   Бұл Тасқала ауылдық округі тұрғындарының соңғы екі-үш жылдан бергі бастарын ауыртып, балтырларын сыздатқан мәселесі десек, қателеспейміз. «Солтүстік-шығыстан жел тұрса, Тасқаланың үстінде целлофан пакеттері қалықтап ұшып, артынша жағымсыз  иістен басымыз айналады. Сенбесеңіз, келіп көрулеріңізге болады» деп редакциямызға телефон шалған оқырманымыз аты-жөнін жазбауымызды өтінген болатын. Кезекті іссапарымыздың барысында бұл мәселеге байыппен қарауды ұйғардық.


Иә, өзге ауыл-аймақтардағыдай бұл аудан орталығының іргесінде де тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін арнайы орын бар. Жобадағы аумағы төрт гектарды құрайтын аталмыш арнайы орынды тұрғындар 50 жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді екен.

«Сегіз мыңға жуық тұрғыны бар округ аумағының абаттандырылуы мен тазалығына айрықша мән берудеміз. Еңбек биржасы арқылы ай сайын 21 адам көше тазалығымен айналысуда. Тек биылдың өзінде тоғыз тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Көпшілікті алаңдататын мәселе – ауыл іргесіндегі қоқыс төгетін арнайы орынның бүгінгі жай-күйі».

Тасқала ауылдық округінің әкімі Светлана Өтемісовамен осылайша аз-кем дидарласқан соң, аудан орталығының солтүстік-шығысына қарай бет алдық. Тура екі шақырымдай жүрген соң жол бойы тау-тау болып үйіліп, шашылған қоқысқа еріксіз көзіміз түскені. Тасқаладан алты шақырым қашықтықтағы Бірлік ауылына баратын жайын жолдың жиегі. Мұнда тұрмыстық қатты қалдықтармен қатар мал терілері, үй жануарларының қураған сүйектері, босаған  шыны мен пластмасса ыдыстардың небір түрі, целлофан пакеттер  жайрап жатыр.

– Көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен тұрғындар мәдениеті жойылып бара ма деп қорқамын. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл – «стихийный свалка». Қоқысты арнайы орынға жеткізуге ерініп, төгіп кететіндер көп. Ал жел тұрса, жағымсыз иісті айтпағанда, бұл қоқыстың жеңіл-желпісі ауылға қарай ұшады. Арнайы техника жалдап, бір мәрте тазалап та көрдік. Биыл тағы қайталанып тұр. Қоқыстың қазіргі аумағы он гектарға да жуықтап қалған шығар, – деп қынжылыс білдіреді Светлана Есқабылқызы.

Жол жиегіндегі келеңсіз көріністерді суретке түсіріп алған соң, Тасқала ауылынан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен тікелей айналысатын кәсіпорын басшысын әңгімеге тарттық.

– Көп қабатты тұрғын үйлердің 220 иесімен келісімшартқа отырдық. Көшелердегі 90 контейнерді аптасына екі мәрте тазартамыз. Әйтсе де, тұрғындардың көпшілігі төлемақыларын өтемейді. Екі-үш жылдан төлемей жүргендері де бар. Борышкерлерді сотқа да берудеміз. Бір ғана мысал, Скоробогатов атындағы үлкен көшедегі екі тұрғынның ғана берешегі жоқ. Ал  тұрмыстық қатты қалдықтарды біздің мекеме жұмысшылары арнайы орынға ғана төгіп жүр, — дейді аудандық ТҮКШ бөліміне қарасты «Даму-Тасқала» еншілес кәсіпорнының директоры Альмир Тілепбергенұлы.

Ауыл іргесіндегі аумағы күн санап ұлғайып бара жатқан қоқыс алаңының тұрғындар денсаулығына қаншалықты қауіпті не қауіпсіз екендігін білмек ниетпен осы салаға қатысы бар бірер мекемеге бас сұғуды жөн көрдік.

Аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айгүл Жеңісқызы тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ десе, БҚО экология департаментінің Тасқала ауданы бойынша өкілі Ғабиден Хабибуллин өңірдің экологиялық жағдайы қалыпты екендігін, қоқыс алаңында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды заттардың болмауын прокуратура қызметкерлерімен бірлесе тексеріп тұратындықтарын айтты.

Ал түйткілді мәселенің мән-жайын аудан әкімі Санжар Әлиевтің өзі  тарқатты.

– Тазалыққа зор мән берудеміз. Соңғы екі жылда ауыл ішіндегі 20 жылдан бері тазартылмаған қоқысты шығарттық. Күл-қоқыс шығару үшін аудан орталығының маңынан үш-төрт километр қашықтықтан арнайы екі орын белгілеп қойдық. Алдымен сол орындарға жол төсетіп, жарық тарттыруымыз керек. Бұл шаруаларға кемі 10 млн. теңге қаражат қажет. Ал қазіргі қолданыстағы қоқыс алаңының тұрғындарды алаңдататын жайы бар. Осы орынды жою сала мамандарының есептеуінше,  49 млн. теңге қаржы-қаражатқа тіреледі. Мәселеден жоғарыдағы сала басшылары да құлағдар. Бірақ қаражат бөлінбей отыр, – дейді аудан басшысы.

Әбүйір болғандай, біз болған кезде Тасқала аспанында ешнәрсе қалықтаған жоқ, жағымсыз иісті де сезбедік. Мүмкін тамыздың тамылжыған  күніндегі баяу жел оңтүстік бағытпен  соққасын шығар. «Айың тусын оңыңнан»  демекші, Тасқаланың  желі ылғи да тек оңтүстіктен  соға берсін демеске амал қанша?

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ

«Орал  өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале