14.09.2015, 10:16
Оқылды: 24

Сорочин жәрмеңкесі

  Nyrtas Soro4in merekesi  Өткен жексенбіде қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағында украин этномәдени бірлестігінің күніне арналған «Сорочин жәрмеңкесі» атты меркелік шара өтті.

Этномәдени орталық өкілдерінің қатысуымен өткен шара Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының құрметіне арналды.

- Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді облысымызда осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Сорочин жәрмеңкесі» мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі жәрмеңкеге Тасқала, Зеленов, Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарының өкілдері де қатысып отыр. Сонымен қатар, осы шараға Ақтөбе облысының делегациясы да арнайы келді. Мұндай шаралар еліміздегі этномәдени бірлестіктер үшін өздерінің салт-дәстүрлерін, тарихын ұмытпауға және әр халықтың рухани жетістіктерімен барша қоғамның танысуына септігін тигізеді, - деді қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, «Еднання» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Тарасенко, Ресей федерациясының Орал қаласындағы вице консулы Юрий Понамарев, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Александр Ажғалиев жұртшылықты аталмыш мерекемен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді.

Жәрмеңкеге күзгі бау-бақша өнімдері, украин халқының салт-дәстүрі мен дүниетанымынан хабар беретін қолөнер туындылары қойылды. Ақтөбе облысы және өңіріміздің украин этномәдени бірлестігінің өкілдері ән айтып, би билеп өнерлерін ортаға салды. Мерекелік бағдарлама украин халқының ұлттық ерекшелігін танытатын көріністер және түрлі ойындармен өрбіді. Нәтижесінде облыстық жастар шығармашылығы орталығының бас маманы Жасмарат Айтжанов төрағалық еткен, құрамында этномәдени бірлестік өкілдері болған қазылар алқасының шешімімен «Үздік делегация» аталымымен Тасқала, «Үздік көрме» аталымымен Теректі, «Салт-дәстүрді сақтаушы» аталымымен Зеленов (Дариян ауылы), «Үздік ұлттық нақыш» аталымымен Шыңғырлау, «Ең позитивті» аталымымен Зеленов (Переметное ауылы), «Үздік көкөніс композициясы» аталымымен Тасқала, «Үздік әйелдер вокалы» аталымымен Бөрлі ауданы өкілдері және «Үздік сөйлеу жанры», «Үздік вокалдық ансамбль» аталымдарымен Ақтөбе қаласынан келген делегация, сондай-ақ, «Үздік балалар орындауы» аталымымен Орал қаласының этномәдени бірлестік өкілдері марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале