23.05.2016, 12:34
Оқылды: 54

Социализм инерциясы әлі үстем-ау...

????????????????????????????????????

   Уақыт көп нәрсені орнына қоюда... Бірақ шындап маңдай тер төгуге тырыспау, біреуге алақан жаю секілді келеңсіздік әлі күнге жиі кездеседі. Анау социалистік қоғамдағы жарылқаудың зияны жаңа ғасырда да жағамыздан жармасып келеді. Бұралаң-бұлтаңы бастан асатын бәсекелестік заманы мұны көтере ме? Әрине, көтермейді. Тұтынушылық пиғыл дегенің түптеп келгенде, тұрмыстың кері кетуі, күнделікті қажеттер бағасының қымбаттығы, отбасындағы кикілжің деген сөз емес пе.


    Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеевпен өткен баспасөз мәслихатындағы әңгіме қайта-қайта осындай жайттарға қарай ойысып кете берді. Сұрақ-жауап барысында тұрғындар арасында өмірге бейімделуге ұмтылыстың ұшқыны да жоқтардың аз емесі айқындала түскендей болды. Жұмыспен қамту орталығы жұмсайтын жерге бармайтындарға акт толтыруға мәжбүр болатын кез де болып тұрады. Яғни, «Жанымды қинап қайтемін»,-деп, қыр төсіндегі малшылықтан, бақша өсіруден бас тартатындар жетеді. Ал мал бағушы, пішенші іздеп, кейбір шаруа қожалықтарының жетекшілері аяқтан тозады. Зерттеу мынаны көрсетеді: аптал азаматтардың үйкүшіктігі, тіпті электр қуаты жетіп тұрған, заманауи мүліктері толық малды мекендерге жұмысқа бармауынан оның ауылда бар-жоғы бара-бара ұмтылып, тек «шөлмектестерімен» қалуына ұшыратады. Міне, социализм инерциясының жаны сірілігіне бір мысал осы.

   Атаулы әлеуметтік көмектің «лекерге» келгендердің бәрін жарылқайтын заманы да тарихқа түпкілікті кететін күн алыс емес. Яғни, еңбекке қабілеттісің бе, саған «атаулы» деген жоламайды. Дәуірдің даусына байыппен құлақ түргендер дүр сілкініп, жұмыстың ауырлығынан қашпас еді. Баспасөз мәслихатында Талғат Қырықбайұлы бұдан жанды мысалдарды тілге тиек етті. Шындап талпынғанға көмек қашанда әзір. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша былтыр мүліктік кепіл қоюмен 31 адам 70 млн. теңге несие алды. Соның ішінде 21-і мал шаруашылығын дамытуға ұмтылуда. 2015 жылдан ауданда қолға алынған «Өрлеу» қанатқақты бағдарламасы отбасылардың еңбекке үйірілуіне, малдануына септесуде келешегі зор екенін қазірден-ақ көрсетіп үлгерді. Мысалы, Алмалыдан бір отбасы берілген көмекке 23 уақ жандық сатып алды. «Осындайдан табысы аз басқа жанұялар үйренсе, бұған ауылдардағы басшы-қосшылар, маңдайалды шаруалар жұмыла атсалысса, қандай ғанибет болар еді»,-деді Т.Қайрекеев.

   Айтқандайын, «сөзден сөз шығады», баспасөз мәслихатында тілшілер пайымдағандай, кейбір шаруа қожалықтары әлеуметтік жұмыс орындарынан қашқақтайды, өйткені олар баяғы қағазбастылыққа, есептілікке уақыт жұмсағысы келмейтін секілді. Мына гәп те сөз болды: ара-тұра болса да жалданып жұмыс істейтін жастар аз емес. Алайда олар заңнамадан хабарсыз, келісімшарттың не екенін білмейді, өздерін «жұмыссыз» деп санайды. Демек, құқықтық, қаржылық сауаттану деген қашан байыпты түрде, іс жүзінде қолға алынар екен?

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале