25.05.2016, 19:49
Оқылды: 26

Соғылды соңғы қоңырау

????????????????????????????????????

Мамыражай мамыр айының жиырма бесінші жұлдызы күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылды. Жалпы, соңғы қоңырау салтанаты ересектер үшін сағыныш, ал, мектеп бітіруші түлектер үшін аса тебіреніс тудыратын сәт.


   Көшім селолық округіне қарасты  Өркен елді мекеніндегі мектепте өткен салтанатты шараға Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, аудан әкімі Кәрім Жақыпов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, Көшім ауылы әкім аппаратының бас маманы   куә болды.

   Айта кетейік, дәл бүгін, Зеленов ауданы бойынша 46 мектепті 7000-нан  астам шәкірт тәмәмдады. Ал, соның ішінде Өркен мектебіндегі биылғы оқу жылын 83 оқушы аяқтап отыр.

   Саналы білім мен сапалы тәрбиені серік еткен оқушылар биыл да мектепті жақсы жетістіктермен бітіріп отырғаны қуанышты жәйт. Тәжірибелі де ұлағатты ұстаздар ұжымы әмәнда оқушыларды ойлы да озат етіп тәрбиелеп келеді.

   Атаулы мектепте өткен шара шымылдығы еліміздің Гимнімен ашылды, ал ҚР Мемлекеттік Туын мектеп мақтаныштары, оқу озаттары Марат Жұмағалиев пен Жаңылсын Мұхамбетжанова көтерді.

   Соңғы қоңырау салтанаты барысында Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, аудан әкімі Кәрім Жақыпов сөз алып, ұстаздар қауымымен қатар оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, ыстық-ықыластарын жеткізді.

  Одан  әрі  мектеп директоры Айгүл Қалиева әріптестерін, шәкірттерін мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жолдады. 2015-2016 оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, мектептің оқу озаттарымен бірге , әр деңгейде өткен байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздарына және мектепке ұдайы қол ұшын созып жүрген демеушілерге алғыс хат ұсынды.

   Жүректері лүпіл қаққан, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан, осынау сәтте шәкірттік сәттің соңғы, өмір жолының алғашқы қадамында тұрған жас түлектер үшін  25 мамыр күні айрықша күн. Алтын ұя мектептен ұшқалы отырған бір топ түлектер биылғы оқу жылында толағай табыстарға қол жеткізген екен. Мәселен, бірі республикалық «Жас зерттеуші» интеллектуалдық турнирдің жүлдегері, бірі Абай, Шәкәрім  оқуларының жеңімпазы,  үстел тенисі жарысының чемпионы тағы да басқа байқаулардың иегерлері.

   «Жас бала - жас шыбық. Қалай исең, солай қисаяды» демекші, баланы жастайынан үйде, мектепте тәрбиелейтін ата-ананың, һәм мұғалімнің еңбегі ерен.

   Түлектердің алғашқы ұстазы Шынар Тұржанова мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып» ұшқалы отырған оқушыларына ең алғаш 1-сыныпқа келген уақытта жазған  дәптерлерін естелікке тарту етті. Сонымен бірге  ата-аналар атынан Роза Төлеуғалиқызы сөз алып сәт - сапар  тіледі.

   Одан кейін  11-сынып оқушылары өздерінің әзірлеген шағын мерекелік шарасын көпшілік назарына ұсынды. Тінін тарқаталық, ұстаздарына арнап өлең жолдарын жолдады, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті. «Мектеп вальсіне»  билей  жөнелген олар  «сәт - сапар» әуе шары мен көгершін құсын аспан әлеміне  ұшырды.

   Спорттық ойындардың жүлдегері, 11-сынып оқушысы Самиғолла Әділбек «Білім кілтін» 10-сынып оқушысы аудандық М.Мақатаев оқулырының жүлдегері Лунара Тілекқабыловаға салтанатты түрде табыс етті. Ал соңғы қоңырауды мектеп түлектері Мәдина Мусина, Артур Бақтыгереевтар мен  1 - сыныптың үздік оқушылары Елжас Тілекқабылов, Әдемі Әділгерей соқты.

    Соңғы қоңырау шарасын мектеп оқушылары өлең оқып, әуезді ән шырқап, әсем билерімен әспеттеді.

www.zhaikpress.kz

                       Самал Жамет

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале