3.07.2015, 13:54
Оқылды: 36

Ақтық сапарға шығарып салды

Songi sapar05

А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында қалың ел соғыс және еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевті ақтық сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов марқұмның өмір жолымен таныстырып, облыстағы барша ардагерлер атынан марқұмның отбасына, тума-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

  • Сұм ажал арамыздан Бисен Жұмағалиұлын алып кетті. Ағалық, ұстаздық сөзімен, ісімен жастарды бағыттап отыратын. «Тозбас темір, озбас өмір жоқ» деген, келу болған жерде қайту бар екенін білеміз, дегенмен де бұл хабарды қабылдау қиындау. Соңындағы ұрпағына, ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне, үзеңгілес достарына, ел-жұртқа қайғырып көңіл айтамыз, - деді қаралы жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Одан әрі облыс басшысы көрші өңірлердің, Атырау облысының әкімі Б. Ізмұхамбетовтің тапсыруымен келген Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің және облыстық мәслихаттың өкілдеріне қайғыға ортақтасып келген қадамдарыңыз сауапқа жазсын деген тілегін білдірді.

Қаралы жиында Б. Жұмағалиевпен ұзақ жылдар жұмыстас болған еңбек ардагері Ж. Ақбай, Ақжайық ауданынан еңбек ардагері Ә. Кереев, теректілік еңбек ардагері А. Попов, атақты жазушы М. Шолоховтың немересі Михаил Шолохов, марқұмның туысы А. Құрақов марқұмның ізгі қасиеттері мен өнегелі істерін еске алып, қайыр болсын айтты.

Бисен Жұмағалиевтің қазасына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтан, Сенаттың, Мәжілістің бір топ депутаттарынан, Ақмола, Атырау облыстарының басшылығынан, жазушы М. Шолоховтың отбасынан және Вешенская станицасындағы жазушының музей-қорығы ұжымынан, Орталық ардагерлер ұйымының төрағасы, академик Ө. Озғанбаевтан  марқұмның отбасына, тума-туыстарына, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына қайғыға ортақтасқан жеделхаттар түскен.

Марқұмның денесі Орал қалалық зиратқа жерленді.

Ақ Жайық өңірінің абыз ақсақалы Бисен Жұмағалиевтің жарқын бейнесі замандастарының, кейінгі ұрпақтың есінде әрдайым сақталады.

www.zhaikpress.kz

Өз тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале