25.05.2015, 15:09
Оқылды: 28

Соңғы қоңырау салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты

Nurlan Nogayiev mektep01    Бүгін барлық білім ошақтарында соңғы қоңырау салтанаты ерекше түрде  атап өтілді. Қаламыздағы №35 мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты.

  • Мұқағали ақын айтқандай тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы тұрған мектеп түлектері! Сіздер бала кездеріңізден ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыз берген жақсы қасиетті бойларыңа сіңіріп, үлкен өмір жолына аттануға сақадай-сай тұрсыздар. Алдарыңызда күтіп тұрған үлкен сынақ ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай тапсырып, қалаған оқу орындарыңызға түсіп, еліміздің дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман болуларыңызға тілекшімін.  Жолдарыңыз болсын, құрметті мектеп түлектері!, -деп сөзін сабақтаған облыс басшысы  Нұрлан Асқарұлы ата-аналар мен ұстаздарға үкілеген үміттеріңіз ақталсын деген тілегін жолдады.

№35 мектеп-лицейі қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі. Шәкірттері әр жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгелерінде биік межені бағындырып жүрген  мектепті биыл 62 түлек тәмамдамақ. Олардың ішінде 1 түлек «Алтын белгі», 4 –еуі  «Ерекше аттестат» иегері атанбақ.

Салтанатты шарада сөз алған мектеп түлектері он бір жыл бойы өздерімен бірге қуанып, бірге мұңайған ұстаздарына алғыс сезімдерін жеткізді. Жыл бойы білімімен, тәртібімен көзге түсіп, белсенділік танытқан сыныптар да ұйымдастырушылар назарынан тыс қалмады.  Шырқ үйіріле мектеп вальсін билеген соң  түлектер алма кезек соңғы  рет қоңырау соқты.  «Бізді он бір жыл бойы білім партасына шақырған қоңыраудың сыңғырлаған үнін ұмытпаймыз», -деді олар.

www.zhaikpress.kz

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале