25.01.2016, 17:28
Оқылды: 25

Стансада қуат өндіру қалыпты

  GTS Zelenov stansia Новенький ауылы маңындағы Орал газ турбиналы стансасы өңірдің қуатқа деген қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етуде. Компания қуатты негізінен «БҚЭЖТК» АҚ-ға, «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ға және шағын кәсіпорындарға босатады. Қыс маусымында  электр станса қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.


Стансадағы үш энергоблок және қазандық іске қосылған. Энергоблок секторында сағатына 48 МВт-тық көлемде электр қуаты өндірілуде. Ал жылу қуатын өндіру агрегатының 2-қазандығы сағатына 12-13 гикокалория беріп тұр. Өткен жылдың қараша айынан бастап станса жылу қуатын өндіруді бастады. Қазір Орал қаласының солтүстік-шығыс, 5-шағынаудандары осы стансаның жылуымен қамтылған.

-Біздің электр стансаның электр қуатының өзіндік құны қазіргі уақытта қосымша құн салығынсыз 11 теңге 88 тиынды құрайды. Өзіндік құнның жоғары болуына қарамастан тариф 2015 жылғы 8 теңге 80 тиын деңгейінде сақталып қалды. Өткен жылғы қазан айында компания басшылығы ҚР Энергетика министрлігіне 2016 жылға тарифті  өсіруге тапсырыс-жоба берді.  Енді жуықта нақтыланған тапсырысты министрлікке ұсынбақпыз, - деді  «Орал газ турбиналы стансасы» ЖШС-ның бас инженері Салауат Елешов. Оның айтуынша, Орал газ турбиналы станса өз тұтынушыларына электр қуаты тарифін ҚҚС-сыз 12 теңге 68 тиын етіп бекітуді сұраған.

-Өзіндік құннан тарифтің төмендігі кесірінен кәсіпорын шығынға батуда. Қазір станса құрылысына жұмсалған «БанкЦентрКредит» банктің несиелік қаржысын уақтылы қайтара алмай, төлеу мерзімін биылғы ақпан айына дейін тоқтатуға келіскенбіз. Ол мерзімге дейін тариф мәселесі шешілмесе, банкпен қайта келіссөз жүргізіп, тағы да төлеу мерзімін кейінге созуды сұраймыз. Күні бүгінге дейін банктің несиелік қаржысының  2 млрд. теңгесі өтелді, әлі 6 млрд. теңге көлемінде қарызымыз бар, - деді С. Елешов.

Стансада 50 адам жұмыс істейді. Олардың 20-сы жедел кезекшілік қызметімен шұғылданады. Қуат өндірісі тоқтаусыз, тәулік бойы жүргізіледі. Электр стансаның бір жылғы базалық жұмысы 70,5 мың сағатты құрайды.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале