28.04.2016, 10:31
Оқылды: 32

Студенттер ҰОС ардагері Павел Букаткинмен кездесті.

Screenshot_2016-04-28-09-21-02-1     Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай  М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың əскери-тарихи музейінде ҰОС ардагері,  тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Павел Букаткинмен ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің студенттері кездесті. Павел Романович 1943 жылы майданға аттанып, Орталық, Белорусь, Бірінші жəне төртінші Украина майдандарында 96-атқыштар полкінің взвод жəне рота командирі болды.


    Ол қаруластарымен Жеңіс хабарын Чехославакияда естиді. Бірақ Гитлердің бір федмаршалы қасарыса шайқасып, Прагадағы ұрысты мамырдың 11-іне дейін созған. Майдангер - үшінші дəрежелі "Отан соғысы", "Қызыл жұлдыз" ордендері мен көптеген медальдардың иегері. 1964-1996 жылдары М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих кафедрасының доценті. 2005 жылдан бастап осы ордалы оқу орнындағы əскери-тарихи музей меңгерушісі. Алты монография, жүзден астам ғылыми жəне əдістемелік еңбек жазған Павел Букаткин, əсіресе, Жəнібек жəне Бөкей Ордасы аудандары Сталинград майданының жақын тылы болғанын, осы аумақта тəулігіне отыздан астам мəрте жау ұшағы шабуыл жасағанын дəлелдеп, мұрағаттан көптеген деректер жинады.

  Тарихшы, өлкетанушы қария студент-жастарға музей жəдігерлерін таныстырып, даңқты жерлес-майдангерлер туралы жəне өзінің өмір жолынан естелік айтты. "Біздің университет те əскери-патриоттық тəрбиені дамыту мақсатында Павел Букаткинмен жыл сайын кездесу ұйымдастырамыз. 16 жыл бойына ардагердің естелік-сұхбаттарын аудио жəне бейне жазбаға түсіріп, ол туралы баспасөз бетінде жарияланған мақалалар жинақтап отырамыз. Көріп тұрғаныңыздай, бұл материалдардың арасында магнитафон таспалары да бар. Былтыр шəкіртім, 1-курс студенті Аян Нұрниязов республикалық сайтта жарияланған тарихи-өлкетану байқауына майдангер туралы материал жолдап, жүлделі орын иемденді", - деді ҚазИИТУ ҒБК аға оқытушысы Зияда Кенесариева.

     Сəуірдің 3-і күні жасы 93-ке толса да, ұрпақ тəрбиесі үшін тəлім көрсетуден жалықпаған ардагердің əлі күнге жады мықты,  денсаулығы тың. Осы орайда айта кетейік,  Павел Романович 2013 жылы "Орал қаласының құрметті азаматы" атағын иемденген.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале