25.08.2016, 21:12
Оқылды: 1089

Сулыкөл ауылында «Ақжүрек» шаштаразы ашылды

«Ақжүрек» шаштаразы ашылды   Сулыкөл ауылдық округінің орталығы Сулыкөл ауылының тұрғыны Аманғали Есенғалиев өткен жылы «Жұмыспен қамту –  2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде өзінің тұрғын үйін кепілдікке қоя отырып, Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 млн. теңге несие алып, кәсібін ашуға кіріскен болатын.


  Бірінші кезекте ауыл орталығынан жер телімін алып, құжаттарын заңдастырды. Содан балаларының көмегімен Төлен ауылынан қамыс бумасын дайындап әкеліп, ғимараттың жарын құрастырды. Жаңа жылға дейін ғимараттың төбесін жауып, тұрғызып қойды. Көктем шыға ішкі жұмыстарын жасауға кіріскен болатын. Тамыздың соңына қарай құрылысы жұмыстары толық аяқталды.

   24 тамыз күні «Ақжүрек» шаштаразының салтанатты ашылуы оздырылды. Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Мейрамгүл Кенжеғалиева округ тұрғындарын, кәсіп иесін қуаныштарымен құттықтады. Ауыл азаматтарын несие алып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. Одан кейін сөз алған Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса жеке кәсіркер Аманғали Есенғалиевтің жұмысына табыс тілеп, кәсіп жасаймын деген азаматтарға  үкімет тарапынан қолдау бар екенін атап өтті.

    Аманғали ағамыз кеңес үкіметі жылдары құрылыста жасаған қолы шебер азамат және осы кәсібін балаларына да үйретуде. Жолдасы Роза екеуі 3 ұл, 2 қыз өсіріп, ұлын құяға, қызын қияға ұшырған көпбалалы отбасылардың бірі. Аманғали ауылдастарына үлгі көрсетіп, қызмет көрсету саласында округ тұрғындарының сұранысына қажетті кәсіп ашты. Қазіргі таңда шаштаразда 2 адам тұрақты жұмыстануда.

  Сулыкөл округі бойынша 2015 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасымен округ бойынша 5 тұрғын несие алып, оның төртеуі мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстанып жатыр. Үстіміздегі жылы да округ бойынша тағыда 5 тұрғын  несиеге құжат жинақтау үстінде.

 

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале