26.02.2015, 18:46
Оқылды: 22

«Сыбағадан» құр қалған жоқсың ба, ағайын?..


 Газетіміздің өткен нөмірінде («Орал өңірі» 2015 жыл, 19 ақпан, №21) етті, сүтті бағыттағы жылқы шаруашылығын өркендетуге бағытталған «Құлан» бағдарламасы жайлы егжей-тегжей баяндалған мақала жарияланды. Бағдарлама туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиев әңгімелеген еді. Енді бүгін филиал директоры оқырмандарымыздың сұрауы бойынша «Сыбаға» бағдарламасын тілге тиек етеді. Ол не үшін қажет болды, түпкі мақсаты нені көздейді, кімдерге тиесілі, қалай алуға болады. Нендей жеңілдіктері бар, қайтару мерзімінің талаптары қандай? деген сауалдардың тінін Ерлан Нысанғалиев былайша тарқатады:


 - Әңгіменің басында «Сыбаға» бағдарламасы 2011 жылы өмірімізге ене бастағанда, оған үрке қарағандар да болғанын айта кеткен артық болмас. Ол кезде оның беру тәртібінде, пайыздық ставкасында, кепілдік талабында қазіргісінен біраз айырмашылық болды. Бірақ соған қарамастан сол кезде тәуекел еткендердің бүгінде қорасы малға толғандары баршылық. Сол жылдарда «Орал өңірі» газеті бағдарламаның пайдалы жақтарын түсіндіруде біраз материалдар берді. «Ауылдағы ағайын, «Сыбағадан» құр қалма!..» - деп жазылған бір мақала әлі күнге дейін есімде. Енді жаңа жоғарыда айтып өттім ғой, «Сыбаға» пайда болғаннан бері біраз уақыт өтті, соған орай оның беру, қайтару талаптарында, жеңілдіктеріне қатысты біраз өзгерістер енгізілді. Несиенің берілетін мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Ең әуелі, «Сыбағаның» несиесі не мақсатта беріліп жатыр дегеннің басын ашып алайық. Бағдарлама ірі қара малын сатып алуға беріледі. Мақсаты – етті тұқымды жас төлді ұдайы өндіріп өсіру үшін аналық мал мен асыл тұқымды өндіруші бұқаларды сатып алуды несиелеп отыру болып табылады. Нақтылай айтсақ, елімізде етті бағыттағы ірі қара малдың тауарлық табынының санын ұлғайтуды қамтамасыз ету. Несиеге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын, яғни тек осы салада еңбектенетін жеке және заңды тұлғалар - шаруа қожалықтары, фермерлер, жеке кәсіпкерлер ие бола алады. Сосын ол несиеге жай мал емес, ірі қараның селекциялық жас төлін және асыл тұқымды өндіруші бұқаларды сатып алады. Бұған қоса несие алушыға негізгі құралдарды сатып алуға, жөндеуге айналым қаражатын еселеуге де мүмкіндік беріледі. Несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ біздің облыстық филиалынан немесе шаруалар өздері тұратын аудандарындағы несие серіктестіктерінен алады. Несиелеу тек қана төл валютамыз – теңгемен жүргізіледі. Берілетін соманы тікелей келіп филиалдан алатын болса, 8,5 млн. теңгеден жоғары болуы қажет, ал аудандардағы несие серіктестіктерінен алған жағдайда 1 млн. теңгеден 20 млн. теңгеге дейін ала алады. Әр бір аналық мал басын сатып алу үшін 195 мың теңгеге дейін қаражат беріледі. Несиелеу мерзімі 10 жылға дейін. Ал несиені қайтару мерзімі аналық мал басын сатып алуға, оның ішінде селекциялық жас төлдерді сатып алғаннан кейін он жылда қайтарылады. Шаруа асыл тұқымды өндіруші бұқа сатып алғанда, оның несиесін екі жылда қайтаруы тиіс. Қарызға байланысты қандай жеңілдіктер қарастырылған дегенге келсек. Ірі қара сатып алған шаруа қарызының (жылдық ставкасы 14 пайыз) 7 пайызын, техника мен жабдық сатып алушы қарызының (мұнда да ставка 14 пайыз) 4 пайызын мемлекет субсидиялайды. Негізгі борышты өтеу ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет, мерзім аяқталар кезде ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге болады. Сыйақы ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет қайтарылады. Асыл тұқымды бұқаларды сатып алуға және айналым қаражатын толтыруға әр траншты берген кезден бастап бір жылдан кейін несиені қайтара бастау қажет. Ал аналық малдар оның ішінде селекциялық жас төлдерді сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алу мен жөндеуге әр траншты берген кезден бастап екі жылдан соң алынған несие қайтарыла бастайды.

Корпорацияның облыстық филиалынан немесе несие серіктестіктерінен берілетін «Сыбағаның» қаражатына ие болғандарға қандай талаптар қойылады? Алдымен, қарыз алушы несиесін қайтара алатын қауқары болуы керек. Міндетті салықтары уақытында төленген, бюджетке ешқандай қарызы болмауы тиіс. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы мекемелері алдында да берешектен ада, теріс кредиттік тарихы мүлдем болмағаны жөн.

Мал алғалы отырғасын оның қора-қопсысы, күні ертең түліктерді жем-шөппен қамтамасыз ететін мал азығындық базасы, жайылымы, суаты, өз алдына жері болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар ұсынған ортақ пайдаланудағы жерлердің болуы міндетті. Шаруашылықтағы ветеринарлық-санитарлық ахуалда ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Және әр 30 бас аналық малға шаққанда 1 асыл тұқымды бұқа болуы тиіс. Сосын бұл несие қорасында тігерге тұяғы жоқтарға берілмейтінін еске саламыз. Несие алушыда сатып алынатын ірі қара малдың 25 пайызы өзінде бұрыннан болуы тиіс. Яғни кредитор несиеге 75 бас ірі қара алғысы келсе, онда бұрыннан 25 бас ірі қара өсіп жатуы керек. Ал ондай малы болмаған жағдайда, анау 25 басты өз ақшасына сатып алады. Несиеге алынатын малдардың жасы 12-48 айдың арасында болады. Асыл тұқымды бұқаны сатып алу жайына келер болсақ, ол отыз аналық басқа бір бастан келуі тиіс. Қандай мал, қайдан сатып алынуы тиіс деген сауал жиі қойылады.

Ресей, Украина мен Белоруссиядан және Австралия, Америка, Канададан алынатын коммерциялық таза тұқымды малдар бағдарламаның мақсатына толық сәйкес келеді.

Бұл «Сыбағаның» жалпы талаптары, оның егжей-тегжейін білу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалына немесе аудандардағы несие серіктестіктеріне арнайы барып жолыққан жөн.


 

Әңгімені жазып алған

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале