19.03.2015, 10:45
Оқылды: 20

Сым ұрлаған ұзамай ұсталды

sam_3700


Орал қаласының аумағында электр желілерінен сымды ұрлап, қиып алу, оны сату фактілері азаймай отыр. 2014 жылдың 17-29 желтоқсаны аралығында белгісіз біреу Желаев ауылындағы «Арматурщик» саяжай қоғамына қарасты үйлердің электр сымдарын тонаған. Әккі ұры бірнеше метр болатын электр бағанына (бетон баған) қорықпай өрмелеп, ұзындығы 480 метр болатын алюминий сымды жымқырған. Одан келген шығын 57 мың теңгені құрады.


2015 жылғы 30 қаңтарда бұл азамат «дәнденген қарсақ құлағымен ін қазадының» кебін киіп, тағы бір рет әрекет жасап, түнгі сағат 02.00-де саяжайға келеді. Содан күндізгі сағат 12.00-ге дейін дәл осы саяжайда болып, бағана басына еппен өрмелеп шығады. «Еңбегі» еш кетпей, төртке бөлінген, 35 өрімнен тұратын жуан алюминий сымды топырлатып жерге түсіреді. Олжаның ұзындығы – 660 метр, салмағы 35 келіні құрады, сымды сатқанда қалтасы тап-таза 7 мың теңгемен томпайған.

Келесі сым ұрлау фактісі 2015 жылғы 1 ақпанда тіркелді. Ел ұйқыға кеткенде үйреншікті мекенге барып, жасырын түрде ұзындығы 960 метр болатын сымды тағы ұрлайды. Сөйтіп, ол саяжай қоғамына 115 мың 200 теңге шығын келтірген.

Алдын ала тергеу амалдары көрсеткеніндей, электр бағанына электр-монтер секілді оп-оңай өрмелеп шығатын епті сымқиғыш жігіттің кім екені анықталып отыр. Ол Орал қаласының тұрғыны, еш жерде жұмыс жасамайтын, «Ет комбинаты» ауданындағы Физкультурная көшесінде тұратын 1987 жылғы И. есімді азамат екен.

Қазіргі таңда тергеу-тексеру амалдарын Орал қалалық ІІБ тергеу бөлімі жүргізуде. Қылмыстық іске қатысы бар бұлтартпас айғақтардың барлығы тәркіленді.


Орал қалалық ІІБ

баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале