12.11.2015, 14:15
Оқылды: 24

Сынақтан сүрінбей өтті

Janakala sinaktan syrinbei otti  Жаңақала ауданы асыл тұқымды еділбай қойының ғана емес, көшім жылқысының да отаны саналатыны  көпшілікке аян.

Көшім тұқымының құндылығы – қазақы жылқының бейімделу қасиетін бойына сақтай отырып, жыл бойы жайылымда бағып күтілуімен, дене тұрқының ірілігі, жоғары салмақтылығымен және сүттілігімен ерекшеленеді.

Тірілей салмағы биелері 650-700  килограмға дейін, айғырлары 700-750 килограмға дейін тартатын, еті жоғары тағамдық сапасымен сипатталып, сойыс шығымы 53-55 пайызды құрайтын, бір килограмм етінің құнарлығы 2000 калорияға жуық бұл асылтұқымды жылқы еліміздің біраз облыстарына тарап, өсірілуде.

Ауданымызда осы жылқы тұқымын өсіретін «Көшім» ЖШС-і мен «И.С.Серғазиев» шаруа қожалығы біраз жылдардан бері осы жылқының өнімдік және тұқымдық сапасын жетілдіру бойынша  ғылыми негізде асылдандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мақсат – осы тұқымды жылқының сапасын сақтап, басын көбейту ғана емес,  оны ғылыми негізде жетілдіріп,  Жаңақала зауыттық түрін (типін) шығаруға қол жеткізу еді. Осы сала ғылымдарымен бірлесе ұзақ жылғы жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесіз қалған жоқ.

Үстіміздегі жылдың 11 қарашасы күні Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық Министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі басқарма басшысы Сапар Омаров бастаған, құрамында Ақтөбе облысы ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының ғылыми қызметкері, көшім тұқымы авторларының бірі, белгілі ғалым Серікбай Рзабаев, Қызылорда облысы асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім басшысы Дәулетбек Әубакиров, Батыс Қазақстан облысы асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бөлім басшысы Бейбіт Дүйсенғалиев бар ғылыми комиссия арнайы келіп, көшім тұқымының Жаңақала зауыттық түрін сынақтан өткізді.

Қуанарлық жай – комиссия аталған екі шаруашылықтың жылқыларын жан-жақты зерттеуден өткізіп, жетілген көшім тұқымын Жаңақала зауыттық түрі деп атауға лайық деп бірауыздан шешімге келді. Сөйтіп,  ауданымыздағы қос шаруашылықтың жүйелі жүргізген  асылдандыру жұмыстары нәтиже беріп, сынақтан сүрінбей өтті.

Демек, көшім тұқымының  Жаңақала зауыттық типі болып патент алатын күн де қашық емес.

   www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале