7.12.2015, 22:49
Оқылды: 19

Сын сәттерден алып өтетін сенімді жоспар

Otklikkk   Алмағайып уақыттарда әрбір адам баласының бірінші табан тірер тиянағы- сенім. Қайраты да, ынтасы да осы сенімге сүйенеді. Елбасының үстіміздегі жылдың 30 қарашасындағы Жолдауы халық көкірегіндегі осы арқауы сетінемеген сенімді тағы бір мәрте нығайта түсті.

Алпауыт мемлекеттердің өзін алаңдатып отырған қаржы дағдарысы, Сириядағы соғыс қимылдары, Франциядағы лаңкестік әрекеттер мен Ресей-Түркия кикілжіңі көңіл жайландырмайды. Бұл саяси шиеленістердің Қазақстан экономикасына қандай да бір әсерін тигізері хақ. Осындай оңай емес тұста Елбасы Жолдауы терең тәжірибеге сүйене отырып екшелген, салқын сабырмен сарапталған, нақты мүмкіндіктерге есептелген нақты жоспар.


Елбасымыз атап өткендей дағдарыс құрдымға кету емес, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану, жаңадан іс бастау, жаңаша дамуға ұмтылуды білдіреді. Қаржыны үнемдеу, ұтымды пайдалану, жалпы ысырапшылдыққа жол бермеудің басты шарт екенін де атап өтті. Елбасы тағы бір толқын дағдарыстың боларын бұған дейін ескерткен еді. Қиындықты алдын-ала білудің өзі жартылай жеңіс екенін ескерсек, «100 нақты қадам»- Ұлт жоспары дағдарыстан аман және табысты өтудің бір тетігі болып отыр.

Бүгінгі таңда елімізді дағдарыс уысынан алып шығар бір бағыты- ел экономикасына жаңа инвестициялар тарту, жоспарланған нақты қадамдарды қаржымен қамтамасыз етіп, елдің ішкі қуатын сақтай отырып, ілгері басу. Мұның жолдары да айтылып, алғашқы қадамдардың жасалғаны да белгілі болды. Оған дәлел Қытай елінің біздің елімізге 23 миллиард доллар инвестиция салатындығы, Елбасының  Лондон, Париж сапарындағы инвестиция тұрғысындағы жаңа қаржы көздерін табуы. Осының бәрі Қазақ елінің дағдарыспен күресте жалғыз емес екенін, Қазақстанның әлем назарында сенімді экономикалық серіктес екенін көрсетеді.

Ұлт көшбасшысы сыртқы мүдделестікті осылай қамдай отырып, елдің ішкі ахуалын да өз күшімізбен еңсеруге, өз элитамыз, бақуатты қазақстандықтарды, жастарды, жалпы барлық ел азаматтарын бір мақсатқа жұмылуға шақырып отыр. Барлық қаржының ел экономикасына жұмыс жасауы қажеттігі де түсіндірілді. Жастарға қашанда үлкен үмітпен және сеніммен қарайтын ел басшысы бүгінгі сұраныстың талабын, экономикаға, өмір сүруге, ел дамуына қажетті мамандықты таңдауын, елге әрбір жастың пайдалы болуы қажеттігін айта отырып, 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық білімнің тегін болатындығын жеткізді. Бұл үлкен мүмкіндік және болашақты бүгін қамдайтұғын, өзін-өзі міндетті түрде ақтайтын қадам.

Дағдарыстар келеді, кетеді. Біртұтас елде береке, бірлесе алмаған келекеге қалады. Несібе де ырысты, ынтымақты елге үйір. Сенімді басшы, сара жолымыз барда, дағдарысты жеңіп шығуға жұмылайық ағайын!

www.zhaikpress.kz

Шыңғырлау ауданының тұрғыны

Қ.Елемесов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале