22.12.2015, 13:05
Оқылды: 27

Сырымда аудан әкімінің төрағалығымен Елбасы Жолдауын талқылаған жиналыс өтті

Sirim joldau aiktiv jini    Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда:өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі аудан активінің жиналысы өтті. Аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық еткен бұл маңызды жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Ғабдрахим Жаңбырбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Әнуарбек Ғалымов және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ауылдық округтердегі ардагер кеңесінің және жергілікті келісім кеңестерінің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.


Актив жиынының күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудан әкімі Абат Шыныбеков баяндама жасады. Жаңа жолдау әлемдік дағдарысқа қарсы және елдегі құрылымдық жаңаруларды жүзеге асыру мақсатында қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері және жаңа әлеуметтік саясат сияқты бір бірдей бағытты ұсынып отыр. Аудан басшысы осы бағыттар бойынша нақты ауданда атқарылуы тиіс тапсырмаларды анықтады және тиісті саланың басшыларына жұмыстану үшін тапсырмалар берді.

Тапсырмалардың бірі -  азық – түлік бағаларына тұрақты маниторинг жүргізу, негізсіз өсуін болдырмау шараларын ұйымдастыру жұмыстарына қатысты. Расымен де, аудан бойынша халықтың бірінші кезекте тұтынатын азық – түлік бағаларына жүргізілген сараптамалардың қорытындысы облыс орталығына жақын тұратын округтер мен шалғай округтердегі бағаларда айырмашылықтар байқалып жүр.

Елбасының зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру жөніндегі талабынан туындайтын тағы бір мәселе – аудандағы шаруашылық басшылары менн жұмысшылар арасындағы келісім - шарттың жоқтығы салдарынан жұмысшыларға зейнетақы жарналары аударылмауы мәселесі. Осы сияқты мүлікті жария ету, ауданға инвесторлар тарту, мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру, ауданның бюджеттік шығындарын оңтайландыру мәселелері бойынша ауданда нәтижелілікке қол жеткізу жұмыстары атқарылмақ.

Ауданда басы басталған көліктік – логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту шеңберіндегі бірқатар жұмыстар келесі жылы жалғасады әрі ауылдық округтердің әлеуметтік – экономикалық мәселелерін шешу төңірегінде жаңа жұмыстар жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы «Сырым ауданының жол картасы» атты нақты іс – қимылдар жоспарының негізінде жүргізіледі.

Алдағы жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай деңгейлі шаралар ұйымдастырылады.

Аудан басшысы Абат Шыныбековтың баяндамасына қатысты аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов, Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаев, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ардагер – ұстаз Ким Федянин, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының орынбасары Талғат Дарғожиев пікір білдірді.

«Жаңа жолдауды насихаттау барысында бірсарынды жиындар өткізуді түбегейлі тоқтату керек. Жолдауды насихаттау дегеніміз – қарайған халықты жинап алып, жолдаудың мәтінін оқып беру емес. Жолдаудағы тапсырмалар жергілікті өңірмен байланысты түрде түсіндірілуі керек әрі аудан тұрғындарын мемлекеттің жұмысына мүдделі болуға үндеуге тиіспіз. Аудан активін осыған шақырамын!» деді аудан әкімі Абат Шыныбеков өзінің қорытынды сөзінде. Жиналыс соңында актив жиынының қарары қабылданды. «Сырым ауданының актив жиналысына қатысушылар Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қызу қолдайды және қойылған міндеттерді орындауға бар күш – жігерін жұмсайды» делінген қарар мәлімдемесінде.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале