8.12.2015, 12:43
Оқылды: 24

Сырымда етті сиырлар өсірілуде

Sirim etti syirlar osirilude Сырым ауданы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы жақсы жолға қойылуда. Егер 2013 жылы Сырым ауданында асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 1 ғана шаруашылық болса, биылғы жылы осындай шаруашылықтардың саны 6 – ға жетті. Шетелден және Қазақстанның басқа облыстарынан әкелінгені бар, аудандағы асыл тұқымды мал басы саны қазіргі күні 1500 деген санды шамалап отыр. «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде  малды асылдандыруға бөлінетін субсидияларды алуға ауданның 123 шаруа қожалығы қатысты.


Сәйкесінше алынатын субсидия көлемі 400 млн- ға дейін жетті. Оның үстіне 13 ауылдық тұтыну кооперативі жеке сектордағы малды субсидиялау қаржысын алып отыр. Осындай - осындай статистикалық мәліметтерді естігеннен кейін, жаңағы жұмысты көзіңмен көргің келеді ғой. Бізде соны қаладық. Сөйттік те, аудан әкімі Абат Шыныбековке ілесіп Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш елді – мекенінде орналасқан. «Әмір» шаруа қожалығына барып, қайттық.

Наурызбаев Ғалым жетекшілік ететін «Әмір» шаруа қожалығы 2011 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Бұл шаруашылық биыл ірі қара тұқымын асылдандыру мақсатында «ҚазАгрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы 150 млн теңге несие алыпты. Алыпты да, Павлодар, Қостанай және Астана қалаларына барып, Қызылағаштың даласына герефорд тұқымды 500 бас етті сиырды алып келіпті. Олардың ішінде 17 бас бұқа бар, қалғандарының бәрі аналық мал.

Іссапарымыз барысында Қызылағаш ауылының шетінен асыл тұқымды сиырлар үшін салынған екі бірдей типтік базды көрдік. Қос баздың әрқайсысының көлемі 1200 шаршы метрді құрайды. Айлапат шарбақпен жалғасқан қос баздың ішінде келесі жылдың төлдеріне арналған қабырғалары қымтаулы, едені құрғақ тұрақтар салынуда.

Осы сияқты шаруашылық басына сәулетті тұрғын үй тұрғызылған. Қысқы орынға электр жарығы да жеткізілген. Қожалық бүгінгі күні 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде аттестацияланған ветеринар дәрігер және мал есебін жүргізуші мамандар бар.

«Әмір» шаруа қожалығы өзінің техникалық арсеналын толықтыру мақсатында «ҚазАгрофинанс» АҚ берген манағы несие арқылы биыл 2 МТЗ – 80 тракторын сатып алыпты. Малдың қысқы қорегі үшін жазғы еңбек науқанында 7000 бума шөп дайындалды. «Шөп қоры қысқы қажеттілігімізге жеткілікті.»  - дейді шаруашылық жетекшісі Ғалым Наурызбаев.

Қызылағаш ауылының төңірегіндегі Тіксай деген орында «Әмір» шаруа қожалығының 2000 бас саулық қойы бағылуда.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале