24.02.2016, 19:42
Оқылды: 23

Сырымда сейф ұрланды

 Sirim seif  Сырым ауданы орталығының орталық көшесіндегі «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының ғимаратына ұры түсті. Қылмыскер ғимаратқа пластикалық терезені бұзып кіріп, осы ғимаратта орналасқан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жергілікті кеңсесіндегі сейфті түп – басымен алып кеткен. Кейінірек, сейфтің ішінде 110 000 теңге көлемінде қаражат болғаны анықталды.


Сырым аудандық ІІБ бастығының орынбасары, жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Кенжеахметовтың айтуынша, қазір жоғарыда аталған қылмысқа қатысты жедел тергеу қызметі жұмыс жүргізуде. Біздің бір таңқалғанымыз - ұрлықтың аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының тұмсығының түбінен орын алуы. Қас қылғандай, осы аралықта орталық көшедегі бақылау бейнекамералары да ауа – райының аса ылғалды болуына байланысты істен шығып қалған.

Бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғасы күн ұзамай іргедегі Өлеңті ауылынан тіркелді. Бұл жолғы қылмыс сәл «қазақилау». С. деген азамат ауылдасының үйіне ұрын кіріп, соғым етін ұрлаған. Қожайындардың жедел дабыл көтеруі арқасында, жергілікті учаскелік полиция инспекторы қылмыскердің құтылуына мүмкіндік бермей, құрықтап үлгерді. Ұрланған ет тәркіленді.

Жыл басынан бері Сырым аудандық ішкі істер бөлімі ұрлықтың 27 фактісін тіркеген. Мақала даярланып жатқанда, Қособа ауылдық округінен 74 бас жылқының жоғалғандығы жөніндегі ақпаратты тағы естідік. Жоғалған жылқылар ығып кетті ме, жоқ әлде барымташылардың бәлесіне ұшырады ма, ол әзірге белгісіз.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале