29.06.2015, 11:44
Оқылды: 39

Сырымда Қадыр тойы дүбірледі

Gyl sgiktarin koyu    Қазақтың Қадырының 80 жылдық мерейтойы маусымның 28-і күні ақынның туған жері Сырым ауданында ауқымды іс-шаралармен жалғасты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған, құрамына ақынның жары Салтанат, немерелері, сондай-ақ, қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары енген делегация алдымен Жымпитыға барар жолдағы Сырым батыр шыққан төбеге тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Жымпиты жұрты ақын тойына тыңғылықты даярланған. Бойымен бірдей, қоладан құйылып жасалған Қадыр ескерткіші елінің перзентіне деген ыстық ықыласының жарқын көрінісіндей еңселеніп тұрды. Ескерткішті ашу құрметі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқанбетқалиевке, жазушы, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнеске, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшарға, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменге, өлкетанушы Жайсаң Ақбайға және Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлына ұсынылды.

Салтанатты шарада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі.

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері  Әбіш Кекілбаев Қадыр ақынның ескерткішіне қарап тұрып, толғана сөйледі.

Бұдан әрі қонақтар аудандық мәдениет үйінде орналасқан Қадыр ақынға арналған көрмені тамашалады. Ақын ұстаған заттарды, тұтынған бұйымдарды, бір сөзбен айтқанда баға жетпес құнды жәдігерлерді көзбен көрді.

Сырым еліндегі салтанатты мереке соңы дала қызықтарына ұласты. Құнан бәйгеде және аламан бәйгеде маңғыстаулық сәйгүліктер оқ бойы озық келіп, иесіне бас бәйгеге тігілген «Лада Гранта» және «Нива» автокөліктерін сыйлады. Қазақша күрестен түйе балуандар бәсекесінде сырымдық Сұңғат Махамбетов топ жарды.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале