27.04.2016, 18:32
Оқылды: 44

Сырым ауданында Мұқадес Есламғалиевтің 70 жылдығы аталып өтілді

Sirim Mukades    Бүгін Сырым ауданында Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Мұқадес Есламғалиевтің 70 жылдығы аталып өтілді.


    Осы шара үшін Жымпитыға жазушының жары Мұхсина Есламғалиева мен перзенттері, сондай – ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғамдық – саяси «Ара» сатиралық журналының бас редакторы, белгілі сықақшы Көпен Әмірбек, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ақын Айтқали Нәріков, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов,Қазақстан Жазушылары одағының басқарма төрағасының орынбасары, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан және қаламгерлерден, мәдениет саласының өкілдерінен құралған бірқатар құрметті қонақтар келді.

   Шара қатысушылары алдымен аудан орталығындағы Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану мұражайындағы жазушы Мұқадес Есламғалиевке арналған бұрышпен танысты. Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Кемел ойлы, көркем сөзді жазушы» атты библиографиялық көрмені оқырмандар назарына ұсынды.

     Түске жақын аудандық мәдениет үйінде «Тарих тамырынан нәр алған жазушы» атты жазушыны еске алу кеші өтті. Кеште қаламгердің өмірдегі өңі, шығармашылық тұлғасы жайлы бейнесі бөлек әңгімелер айтылды.

     Аудан әкімі Абат Шыныбеков жазушының жары Мұхсина Есламғалиеваның ел құрметінің белгісі ретінде иығына қамзол жапты, немересі Нұрисламға тай мінгізді.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале