28.03.2016, 10:19
Оқылды: 23

Сырым аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымындағы І сессиясы өтті

Sirim deputat koro4ka   Сырым аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымындағы І сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау, мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және оның құрамын сайлау, депутаттық топты тіркеу туралы мәселелер қаралды. Сессия жұмысы басталмас бұрын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Асланбек Сарқұлов жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы арқылы аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланған азаматтарға куәліктерін табыс етті.


Сырым аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымындағы І сессиясына депутат Асхат Ғабделғазизұлы төрағалық етті. Күн тәртібіндегі аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау туралы мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасының орынбасары Талғат Дарғожиев ұсыныс жасады. Талғат Дарғожиев аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына №8 Жосалы сайлау округінен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Шынар Дүйсенғалиеваны ұсынды. Шынар Дүйсенғалиева біздің ауданға іскер азаматша ретінде белгілі. Осы кезге дейін ауылдық, аудандық деңгейде бірқатар лауазымды қызметте болған бұл кісі соңғы жылдары «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының ауданымызда жүзеге асуына үлкен үлес қосты әрі «Сырым жауһарлары» қоғамдық ұйымының жұмысын қолға алу арқылы аудандағы белсенді азаматтық ұстанымы бар әйел  - азаматшалардың шоғырын көбейтті. Осындай игі қызметтерін бағалаған әріптестері Шынар Дүйсенғалиеваны Сырым аудандық мәслихатының хатшысы лауазымына бірауыздан сайлады.

Сессияның жұмысы әрмен қарай күн тәртібіндегі мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және оның құрамын сайлау, депутаттық топты тіркеу туралы мәселелерді қарауға жалғасты.

Сессияның қорытынды сөзін аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков сөйледі.

«Барша қазақстандықтармен бірге Сырым өңірінің жұртшылығы да кешегі сайлауда өзінің таңдауын жасады. «Нұр Отан» партиясы – қазақстандықтар үшін бақуатты өмір сапасы мен рухани кемелдіктің кепілі болып келді, әлі де бола алатынын тағы дәлелдеді.

«Нұр Отан» партиясы да, оның мүшелерінен тұратын жергілікті мәслихат та қашанда өзінің антына адал болды, оған билік те, халық та куә. Аудандық мәслихаттың V шақырылымындағы депутаттар ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына оң әсер ететін біраз шешімді қабылдады оның іске асуына аяқтай атсалысты.  Сол үшін алғыс білдіреміз. Аудандық мәслихаттың VІ шақырылымының жаңа құрамына құтты қадам тілеймін. Елдің тілеуі мен халықтың қалауы жолында адал қызмет атқарыңыздар, құрметті депутаттар!» - деді ауданның басшысы.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков осы кезге дейін аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымында болған Әнуарбек Ғалымовқа еңбегі үшін алғыс білдіріп, арқасына шапан жапты. Сол сияқты, аудандық мәслихаттың V шақырылымының депутаттарына алғыс хат тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале