24.08.2016, 12:26
Оқылды: 19

Сырым ауданының бюджеті 700 млн. теңгеге артты

Сырым ауданының бюджеті 700 млн. теңгеге артты   Сырым ауданының биылғы бюджеті 4,2 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғыдан 700 млн. теңгеге артық. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Абат Шыныбеков мәлім етті.


   Оның айтуынша, биылғы жарты жылдың өзінде мемлекеттік бюджетке 249,8 млн. теңге мөлшерінде салықтық және салықтық емес түсімдер жиналды. Соның ішінде жергілікті бюджетке 223,8 млн. теңге түсті, бұл өткен жылғыдан 45,1 пайызға көп.

   Білім беру саласына бөлінген қаржы жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2015 жылы 1,5 млрд. теңге бөлінсе, биыл 2,1 млрд. теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығая түсуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 2014 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп күрделі жөнделсе, биыл Қособа орта мектебіне кезек келді.

   Медицина саласында соңғы бес жылда келген 11 дәрігердің барлығы тұрғын үймен қамтылды. Биыл ауданға тағы екі дәрігер келіп, еңбек етуде. 2013-2015 жылдары ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға үш автокөлік, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 42,7 млн. теңгеге 32 медициналық қондырғы сатып алынды.

   Ауданда шағын бизнес нысандары бірінші жартыжылдықта 1522,2 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті, бұл өткен жылғыдан 1,5 пайызға көп. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 272 адам 421 млн. теңге несие алып, түрлі нысандарды (407 жұмыс орны) ашты.

   Аудан аумағында республикалық маңызы бар 196 км Самара-Шымкент, 132 км облыстық және 296 км аудандық жолдар бар. Өткен жылы басталған Бұлдырты ауылына дейінгі 12 шақырым кірме жолды жөндеу толық аяқталды, құны - 540 млн. теңге. Сондай-ақ Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы жолдың 55 шақырымына жалпы құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығы Жымпиты ауылында 2015 жылы үш көше жөнделсе (206 млн. теңге), биыл бес көше 162 млн. теңгеге реттелуде. Сөйтіп аудан орталығындағы көше жолдарының 30 пайызға жуығы жаңартылды. Сондай-ақ биыл 22,2 млн. теңгеге үш көше абаттандырылмақ.

   Биыл 10 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізіліп, аудан халқын табиғи газбен қамту 92 пайызды құрады. Қалған 6 елді мекенге газ құбырын тарту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасалып, мұны бастауға облыстық бюджеттен 68,9 млн. теңге беріліп отыр.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале