20.05.2016, 18:27
Оқылды: 23

Сырым ауданы орталығынан алыс жатқан ауылдық округтерге инвесторлар тартудың тиімділігі бар

Sirim jer kodeksi   Бүгінгі күні тұтас ел көлемінде ҚР Президентінің жер кодексіне қатысты түзетулерге жариялаған мараторийге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселе Сырым ауданындағы қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Кеңес отырысына кеңес төрағасы Әнуарбек Ғалымов, аудан әкімі Абат Шыныбеков және аудандағы шаруашылық құрылымдарының басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың  төрағалары қатысты.


    Босалқы жатқан жерді игеру мен аудан орталығынан алыс жатқан ауылдық округтерге инвесторлар тартудың тиімділігі бар екенін көзіміз көріп жүр. Осы жерде біздің ауданға қарасты Жосалы ауылдық округінің Былқылдық елді - мекеніндегі «Талап» шаруа қожалығын мысалға шығаруға болады. Негізінен асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын қожалық қазақтың асыл тұқымды ақ бас 500 бас ірі қарасы мен 350 бас көшім жылқысын, сондай-ақ 1500 бас еділбай тұқымды қойды өсіруде.  Шаруашылық еңбек науқаны кезінде 50 шақты адамды жұмыспен қамти алады. Арнайы мамандар болмаса, жұмысшылардың дені жергілікті округтің тұрғындарынан. Пайда ма? Пайда.

    Аудан әкімі Абат Шыныбековтің де айтқаны сол, ауылшаруашылық жерлері сол жердегі жергілікті халыққа жұмыс жасауы керек. Жиналысқа қатысқан шаруашылық жетекшілері мен қоғамдық ұйым өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Аудан шаруалары жалға берілетін жерлер ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылса ғана игілігін көрсетеді деген пікірде.

    «Нұр шуағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Гүлбақша Ерғалиева жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді түсіндірудегі салғырттықтың болғанын айтты. Сол салғырттықтың кесірінен, қарапайым халық түгіл, зиялы қауымның өзі дүрлікті. Жер – деген қасиетті нәрсе, ол саудаға салынады деген әңгімеден кейін бұқара халықта реакция болуы түсінікті. – дейді ұйым төрайымы.

     - Жерді сату, оны жекеменшікке беру деген дұрыс әңгіме. Бұл әңгіменің дұрыс екендігін былай түсіну керек: Адам өзіне тиесілі нәрсеге ғана жауапты болады, жауапкершілікпен қарайды. Өзінікі болғасын ғана жаны ашиды, оны күтеді, сақтайды. Адамның психологиясы сондай. Қазақстанда біраз жер пайдаланылмай жатыр. Пайдаланылмаса жердің құнарлылығы төмендейтінін ғалымдар теріске шығармайды.

    Халықтың алаңдайтыны – қазақтың жерін шетелдіктерге жалға беру мәселесі. Қазақтың қазақтың жерінде күн көргенін күндеп жатқан ешкім жоқ. Ал қазақтың жеріне шетелдіктердің келуі елге не береді? Осыны түсіндіру керек халыққа. – деді өзінің сөзінде кәсіпкер, «Атамұра» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тасқалиев.

    Өлеңтілік шаруа Мұрат Исмағұлов жекенің малы үшін арнайы жер ұйымдастыру керек дегенді айтты. Себебі, шаруа қожалықтарының иелігіндегі жайылым жерлер қожалықтың малынан артыла қоймайды. Біреу біреудің малын асырамайтыны тағы  шындық. Бұл сауалға аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Өтеген Уашев жауап берді.

   Бас маманның айтуынша, Сырым ауданы көлемінде 511 мың гектар жер бос жатыр. Осыған дейін ауылдық округ аумақтарындағы ауылшаруашылық жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Территориялары белгіленді. Енді карталар жасалынып жатыр. Карталарға сәйкес, малдың жазғы бағымына арнайы жерлер дайындалады. Қажет болса, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер елді – мекеннің теңгеріміне алынады. Жеке аулалардағы түліктің жазғы өрісі осы жұмыстар арқылы шешіледі. Жеке аулалардағы малды бағуға арналған өрісті ұйымдастыруды тағы бір жолы – елді - мекендердегі кооперативтердің потенциалын пайдалану.

    «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың дептутаты  Ғанимат Қайыржанов,  жерді түгендеудің қажеті бар дейді.

    -Жерді түгендеу керек. Жұмыс жасайтын адамның ажарынан белгілі. Қазір жерді пайдалануға алып алып, түк жасамай отырған, жұмысқа құлықсыз шаруалар жетеді. Соларды жерінен айыру керек. Сосын жүмыс жасайтын адамға беру керек. – деді Қайыржанов жолдас.

   Аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев жерді пайдалану ауылшаруашылық саласындағы көп мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып отыр..

   Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, шаруалар мен қоғамдық кеңес мүшелерін, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жер кодексін түсіндіру жұмыстарын ауқымды түрде атқаруға шақырды.

     Қоғамдық кеңес отырысының соңында «Құрмаш» ШҚ жетекшісі Мұрат Исмағұлов «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданды. Мүшелік билетті аудандық партия филиалының төрағасы Абат Шыныбеков тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале