28.03.2016, 10:22
Оқылды: 33

Сырым аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті

Sirim dini birlestik otirisi     Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Күн тәртібіндегі аудан бойынша қалыптасып отырған діни ахуал және аудандық діни ақпараттық – түсіндіру тобының жұмысы туралы негізгі мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов баяндама жасады.


      Аудандық діни ақпараттық – түсіндіру тобы жыл басынан бері округтердегі сапарлар мен дөңгелек үстел, кездесулерді қосқанда барлығы 26 шара өткізген. Шаралардың дені аудандық орталық мешіттің бас имамының және облыстағы дін қызметкерлерінің қатысуымен өткен. Осы сияқты бұқаралық ақпарат беттерінде ислам дінінің дәстүрлі бағытын насихаттау бағытында бірқатар мақалалар жарияланыпты. Топ тұрғындар арасында жұмыс жасауда бірқатар жаңа тәсілдерді енгізуге бейіл. Оның ішінде, өзге діннің ағымына түсіп, арбалғандардың тағдыры жөнінде шынайы бейнематериалдар дайындау, тарату, аудандық орталық мешіттегі жұма мінберінде айтылатын тақырыптық уағыздарды бейнематериал етіп жинақтап, әлеуметтік желілелерге орналастыру, Жымпиты халық театрының репертуарындағы радикалды ағымның ақ – қарасын ашатын «Шырмауық» атты әлеуметтік драмасын аудан орталығынан басқа округ орталықтарына апарып қою сияқты жоспарлар бар екен.

    Отырыста діни экстремизмнің, теріс діни ағымдардың алдын – алу, және дәстүрлі ислам дінін насихаттау бағытындағы Бұлдырты, Бұлан, Қособа ауылдық округтерінде атқарылған жұмыстар туралы әкімдердің хабарламасы тыңдалды.  Аудандық орталық мешіттің имамы Бақытжан Сабыралиев дін қызметкерлерінің жетіспеушілігі, оларды ауданға тарту және жағдай жасау, жаназа шығару жорасын бірізділікке салу үшін түсінік жиынын өткізу, дінтану пәні мұғалімдерінің біліксіздігі сияқты мәселелер бойынша өзінің ойын айтты.

    Ауданымызда екпеден бас тартатын жаняұлардың қарасы көбейіп бара жатыр. Екпеден бас тарту – ол бүгінгі күні медицина саласының ғана мәселесі емес. Қоғамды бұл мәселенің астында діни астардың жатырғандығы алаңдатып отыр. Расымен де, аурудың алдын алуды айып санайтын отбасылар саны артуда. Осыдан екі жыл бұрын бұл отбасылар саны Осыдан екі жыл бұрын бұл отбасылар саны ауданда 35 – ке тарта болса, бүгінгі күні бұл сан 68 – ді құрады. Бұл жөнінде өзінің алаңдаушылығын білдірген аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асхат Дүйсенғалиев кеңес отырысына қатысушыларды бірлесе жұмыстануға үндеді. Бір қызығы, ауданның білім беру саласы да, ішкі істер саласы да екпені қабылдауға құлықсыз жанұялар мен ол жанұялардағы балалар жөнінде нақты ақпаратты білмейтін болып шықты. Нақты ақпарат жоқ жерде, жұмыстың да жүргізілмейтіні белгілі. Аудан әкімі Абат Шыныбеков осы мәселеге бейқам қарамай, әріптестеріне «тірі» жұмыстар жасауды тапсырды. Ауданның басшысы егер аудандағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындарында дәстүрлі дін, мемлекеттік бағдарлама, тіпті мәдениет саласының жарнамалары орналастырылатын ақпараттық жәшіктер болса, тұрғындар үшін тиімді болады деп отыр. Болашақта бұл жұмыс та жасалатын болар.

    Жиынды ауданның әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале