25.05.2016, 19:24
Оқылды: 25

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

kazturk licei   Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы қазақ-түрік лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, түлектерге сәттілік тіледі. 2006 жылы іргесі қаланған аталмыш білім ордасында қазіргі кезде 241 шәкірт білім алуда.


   Облыс басшысы атап өткеніндей, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында соңғы жылдары елімізде өскелең ұрпақ болашағы үшін қыруар істер атқарылуда. Орал қаласындағы мамандандырылған қазақ-түрік лицейі – оқушыларға  сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған іргелі оқу ордасы. Жалпы, осындай лицейлерді бітірген жастардың әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндігі бар. Өйткені  оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеріп шығады.

   Мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің директоры Алмас Мұқанов аяқталған оқу жылының табысты болғанын айтты. Биылғы оқу жылында халықаралық білім додасына қатысқан  сегіз оқушы, республикалық олимпиададан 35 оқушы, облыстық деңгейдегі білім сайысынан 71 оқушы жүлдегер атанған. Лицей өңірдегі білім сапасын арттыруда зор үлес қосып, «Үздік олимпиада командасы» деген атқа ие болған. Аяқталған оқу жылы алты мектеп түлегі «Алтын белгіден» және үш өрен – «Үздік аттестаттан» үміткер.

   Шарада сөз алған мектеп түлектері мен олардың ата-аналары 11 жыл бойына сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар қауымына ризашылық сезімдерін жеткізді. Оқу жылы бойына білімімен, тәртібімен ерекше көзге түсіп, белсенділік танытқан бір топ оқушылар да марапаттан тыс қалмады.

   Биылғы түлектер үшін соңғы білім қоңырауын соғу құрметі бірнеше олимпиада жүлдегері, лицей парламентінің президенті Ернұр Масонов пен 7-сыныптың оқу озаты Асыланбек Ибатуллиевке берілді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале