24.05.2016, 15:08
Оқылды: 30

«Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол...» атты дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы басталды

Сырым Амангелди   Бүгін Сырым ауданында дәстүрлі әнші, термеші, бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің 65 жылдығы құрметіне «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол...» атты  дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы басталды.


   Шараның арнайы шақырулы меймандары мен қатысушылары күннің басында Амангелді Ғұбайдуллиннің зиратының басын зиярат етті. Меймандар мен байқау қатысушыларын құрметті қарсылау Қадыр алаңында тігілген Амангелді ауылында ұйымдастырылды. Бұл жерде қонақтарға қазақы үйден дәм берілді, ауылдың алты ауызы айтылды. Қадырдың алаңына өңірдің салы мен серілерінің салтанатын көрмекке Амангелдісін сағынған Жымпитының жалпақ жұрты келді.

    Аудан әкімі Абат Шыныбеков пен ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүлдесте қойды.

   Дәстүрлі әншілердің облыстық байқауының ашылу салтанаты аудандық мәдениет үйінде өтті. Ашылу шарасында дәстүрлі әнші, термеші, бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі мен шығармашылығы баяндалатын «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді ол...» атты қысқаметражды бейнефильм көрсетілді.

    Байқауға облыс орталығы мен аудандарынан барлығы 20 – ға жуық қатысушы қатысуда.

   Әншілер сайысына Ә. Қашаубаев, Ғ. Құрманғалиев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері, әнші – термеші, Ғ. Құрманғалиевтің шәкірті Серік Әбдірахманов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреты, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәуле Таудаева, Амангелді Ғұбайдуллиннің шәкірттері , облыстық қазақ драма театрының әртісі, әнші Мұсағали Бектенов, Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы, «Өнер саласының үздігі» белгісінің иегері, Атырау облыстық Д. Нұрпейісова атындағы академиялық аспаптар оркестрінің жеке әншісі Қайрат Кәкімов, Марабай Құлжабай атындағы аймақтық – республикалық ән байқауының лауреаты, Ғ. Құрманғалиев медалінің иегері Мұхамбето Мамықов қазылы етуде.

    Қазылық құрам ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиевтің төрағалығымен жұмыс істеп жатыр.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале