22.06.2016, 13:07
Оқылды: 24

Сұм соғыстың құрбандарын еске алды

Manwuk Mametova (1)Бүгін қаламыздағы М.Мәметова мемориалдық музейінде  Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толуына орай «Отты жылдар жаңғырығы» атты шарасы өтті.


Оған қаламыздың соғыс және тыл ардагерлері, облыстық және қалалық қорғаныс істері басқармасының әскери қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының, этно-мәдени орталықтардың өкілдері, музей қызметкерлері қатысты.

Шара ең алдымен музей ауласындағы Мәншүктің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болған ерлерге тағзым етумен басталды. Басқосуға жиналғандар бұдан кейін мемориалдық музейдің «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорамасына жиналып, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Manwuk Mametova- Биыл адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың басталғанына 75 жыл болған екен. Бұл күнді еске алу бізге өте ауыр, бірі әкесінен, бірі аяулы жары мен баласынан айырылып қайғыдан қан жұтқан еді. Қаншама асыл азаматтарымыз бейбіт күнді аңсап,  майданда көз жұмды.  Бүгін біз сол боздақтарды еске алып, рухына бас иеміз! Сондықтан, аспаны ашық бейбіт күнде, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан етеміз. Біз кейінгі ұрпақ пен жастардың санасына патриоттық тәрбие беру жолында осы майдангерлер мен ардагерлердің өмірін үлгі етуіміз керек, - деді басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұқамбетов.

Бұдан кейін сөз алған соғыс ардагері,  1945 жылы Мәскеуде өткен І Жеңіс парадының қатысушысы Иван Гапич басынан өткен қанқұйлы жылдарды еске алып, естілктерімен бөлісті. Ал соғыс ардагері Мұхтар Әжіғұлов Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдардың қарасы күн санап азайып бара жатқандығын атып, оларға барынша құрмет көрсетіліп жатқандығын атап өтті. Ол оққа ұшқан қарулас жолдастарының есімі еш уақытта ұмытылмайтынын, керісінше жылдар өткен сайын жаңғырып, ұлықтала беретінін айтты.

Соғыста қаза болған боздақтар мен бүгінде арамызда жоқ ардагерлерді еске алуға арналған шара  жергілікті өнерпаздардың орындауындағы соғыс туралы әндерімен жалғасын тапты.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале