1.04.2016, 18:14
Оқылды: 45

Сәтимола әлемдегі ең ірі калий кен орны болып табылады

OralOilGaz      Оралдағы «Шағала» қонақүйінің конференц-залында геологтар  күніне орай мерекелік жиналыс  өтті. Оның  жұмысына облысымыздағы мұнайгаз  және  геология саласындағы кәсіпорын-компаниялардың  өкілдері, ардагер-геологтар  қатысты.


      Басқосуда  Батыс Қазақстан аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы Мирболат Тінәлиев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.  Одан кейін өңірдегі геологиялық барлау жұмыстарының барысы жайында толыққанды баяндама жасады. Мирболат Мақсотұлының айтуынша, геологтардың ел экономикасын дамытуға қосатын үлесі аз емес. 2004 жылдан бергі уақыт ішінде облыстағы 200-ден астам елді мекен  тұрғындарын таза сумен қамту бағытында жер асты су көздерін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы мемлекеттік – жеке меншік әріптестік негізінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің және «Секва Петролеум» (Қазақстан) ЖШС-ның арасындағы келісімшарт бойынша жеке инвестиция есебінен сейсмобарлау жұмыстары жүргізілген. «Жайықмұнай», «Орал Ойл энд Газ», «Карповский Северный» компаниялары әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендігіне қарамастан өздеріне келісімшартпен бекітілген аумақтарда ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізді.  Тек 2015 жылы шетелдік және қазақстандық жеке қаржы есебінен жүргізілген іздеу-бағалау жұмыстарына құйылған инвестиция шамасы 356 млрд. теңгені құрады.

      -         Өңірдегі ашылғанына 15 жыл болған Шынар мұнайгаз конденсатты кен орны өзінің қоры және халық шаруашылығы маңыздылығына орай ірі кен орындарының бірінен саналады. Онда жыл сайын 1 млрд. текше метр газ, 300 мың тонна мұнай және 500 мың тонна шамасында конденсат өндірілуде. Соңғы 20 жыл ішінде «Орал Ойл энд Газ» ЖШС компаниясымен Рожков геологиялық құрылымындағы кеннің ашылуы үлкен жаңалық болды. Бүгінде бұл кен орнында үш кеннің өнімділігі анықталған. Қатты пайдалы қазбалар бойынша Сәтимола кен орнындағы жұмыстар нәтижелі болды. Ондағы калий кенінің қоры 3,1 млрд. тонна, яғни Сәтимола әлемдегі ең ірі калий кен орны болып табылады, - деді Мирболат Мақсотұлы.

      Жиында сала үздіктері марапатталды. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің бұйрығымен білім-білігімен, жанкешті еңбегімен Шынар мұнайгаз конденсатты кен орнын ашуға тікелей қатысқан Вячеслав Дружинин, Абылай Әлжанов, Николай Матлошинский, Рафхат Бахтияров және Сәтимола калий-борлы тұз кен орнын ашуға қатысқан Талғат Қасенов, Муфтах Диаров, Қасан Камашев «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» төсбелгілерімен марапатталып, куәліктерге ие болды. «Сәтбор» ЖШС-ның бас директоры Талғат Қасенов «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», осы компанияның бас геологы Елена Қайназаров «Жер қойнауын барлаудың үздігі» салалық төсбелгілерге ие болды. «СП Степной Леопард ЛТД» ЖШС-ның бас геологы Балтабек Махуов, «Секва Петролеум» ЖШС-ның қызметкері Наталья Кәрімова, аталмыш инспекция қызметкері Галина Якименко комитеттің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар «Карповский Северный» компаниясының бас директоры Қайнолла Қасенов ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешовтың қолынан «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісі мен куәлігін алмақ.

     Салтанатты жиында еңбек ардагері Рафхат Бахтияров, «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Херман Хайнц Вензель, Қазақстан мұнайшы-геологтарының республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Әділқасым Батыров және өзгелері әріптестерін төл мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале