2.11.2015, 9:26
Оқылды: 25

С.Бердіқұловты еске алуға арналған республикалық спартакиада мәреге жетті (ФОТО)

sport04   Жексенбі күні Орал қаласында қазақ журналистикасының негізін қалаған қаламгер, жазушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған БАҚ қызметкерлері арасында ІІ республикалық спартакиада мәреге жетті.

Жарысқа Қазақстанның жеті облысы мен Алматы қаласынан және республикалық телеарналардан 12 команда құрамында 150-ден астам адам қатысып, спорттың тоғыз түрі (шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қол күресі, гір көтеру, шахмат) бойынша сынға түсті.

Спартакиада қорытындысында жалпыкомандалық есепте «Хабар» телеарнасы жеңімпаз атанса, «Қазақстан» телеарнасы екінші, Ақтөбе облысының командасы үшінші орынды иеленді.

Жарысты ұйымдастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамиттің айтуынша, С.Бердіқұловты еске алуға арналған БАҚ қызметкерлері арасында шағын футбол турнирі он жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келді. Соңғы жылдары оның аясын кеңейту мақсатында шаралар қолға алынды. Алғашқы спартакиада Шымкент қаласында 2011 жылы өткен болатын. Енді, міне, жарыс эстафетасын батысқазақстандықтар қабылдап алды. Алдағы уақытта да спартакиада бес жыл сайын ұйымдастырылып тұратын болады. Бұл Елбасымыздың Қазақстан халқының кемінде 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Басты мақсат спорттың бұқаралылығын арттырып, болашақта 30 пайыздан да асырып, дамыған елдердің қатарына жетуге бағыт ұстау болып табылады.

Айта кетейік, жарысқа қатысушылар тарапынан сын да айтылмай қалған жоқ. Бұл - кейбір командалардың журналистерді емес, өз қатарларына басқа адамдарды, тіпті кәсіби ойыншыларға дейін қосып, алаңға шығаруы. Мұндай «бас ауру» шағын футбол турнирі ұйымдастырыла бастағаннан бері созылып келеді. Тыйылатын әзірге түрі жоқ. Шын мәнісінде алаңда БАҚ қызметкерлері тер төгіп, бар шеберлігін салып ойнамаса, оның несі қызық, шеттен адамдарды қосып, өтірік бәйге алып, арзан бедел жинаудың қаншалықты қажеті бар!? Рас, мұндай талас туындаған сәтте ұйымдастырушылар тарапынан әр қатысушыға жеке және қызмет куәлігін көрсету талап етіледі. Бірақ бірқатар командалар қызмет куәлігі емес, анықтаманы көрсетіп, жарысқа қосылып жүр. Мұндай «анықтаманы» кез келген жерден алуға болатыны түсінікті. Сол адамның команда жасақталған мекемеде жұмыс жасайтынын анықтайтын басқа да жолдарын неге іздестірмеске!? Бұған алдағы уақытта қатаң тыйым салып, батыл тосқауыл қоятын мезгіл жетті.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале