27.07.2015, 18:37
Оқылды: 30

“Таза жағалауға” жұмылдырылды

Tarasenko taza jagalau    Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында  Батыс Қазақстан, Атырау және Ресей Федерациясының Орынбор облыстары бірлескен “Таза жағалау” акциясын бастады.

Аталмыш шараның іске асуына ҚР Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Е. Тарасенко жетекшілік ететін тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық “Жайық - дос­тық өзені” экспедициясы, өзен жаға­лауындағы елді мекендердің тұрғын­дары, мемлекеттік мекемелер, түрлі шаруа қожалықтары мен кәсіпорын қызметкерлерінің қолдау көрсетіп, Жайық бойын тұрмыстық қалдық­тардан, құлаған ағаштардан, күл-қо­қыстардан тазарту жұмыстарына атсалысты.

- Батыс Қазақстан облысында ха­лық шаруашылығы мен тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі Жайық өзенінің бассейні болып табылады. Облыс халқының 75 пайызы тұратын елді мекен осы өзеннің бассейнінде орналасқан. Сондықтан Жайық өзенінің экологиясын қалыпты сақтау, оған жыл сайын ауқымды та­зарту жұмыстарын жүргізу барша­мыздың міндетіміз. Биыл тазарту жұ­мыстарына 3 мыңнан астам адам тар­тылатын болады, - деді облыстық та­биғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасының бас­шы­сы А. Дәулетжанов. Ал ҚР Парламен­ті Мәжілісінің депутаты Е. Тарасенко:

- Туған жердің табиғаты мен тағ­дырына барлығымыз жауаптымыз.

Бұл экспедиция жылдар бойы туған өлкеге шын жаны ашитын көптеген адамдардың басын біріктірді. Биыл Бөрлі ауданының Приуральный ауылынан бастау алған сапарымыз ой­да­ғыдай жүзеге асатынына сенімдімін. Мақсат – халықтың экологияға деген көзқарасын өзгертіп, мәдениетін  көтеруге атсалысу, - деп акцияға қаты­сушыларға алғысын білдірді.

Қаламыздың 7 учаскесінде өткен тазалау жұмыстарына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мек­тебінің курсанттары, “Жасыл Ел” жасақтары, туризм орталықтары, “Ба­тыс Су арнасы” ЖШС, “Уральскстрой­инвест” ЖШС, “Жайық жылу қуат” ЖШС, “Алтын Алма” ЖШС қызметкер­лері жұмылдырылды.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале