5.04.2016, 10:53
Оқылды: 51

Тазы ұстаған Сағидолла

????????????????????????????????????

     Қазақта «Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» деген сөз бар. Бұл ата-бабамыздың осы бір тазы тұқымды итті қалай бағалағанын көрсететіндей. Оны аз десеңіз тазыны жеті қазынаның бірі деп, жігіттің жүйрік ат, қыран құспен қатар тұратын үш серігінің біріне балаған. Тіпті тазыны қазақ қалай құрметтегеннін Хан Кене заманында біздің тұтқынымызға түскен қырғыздың Қалша деген батырын қайтаруды сұрай келгендерге қазақ-қырғызға аты шыққан «Көкдауыл» атты құмай тазыға айырбастап алғандығынан көруімізге болады.


     Кезінде бір ауылды асыраған иттің сырттаны саналатын тазы баптау, оның тұқымын көбейту ісі кешегі кеңестер кезінде тоқырап, осы бір құндылығымыздан айырыла жаздадық. Қазақпен бірге жасасқан тазының саны ХІХ ғасырда 150-160 мыңдай болды деп орыс ғалымы А. Добромыслов жазып кеткен дерек бар болғанымен, осы күні елімізде 500-ге жетер жетпес тазы ғана бар көрінеді. Құрудың аз-ақ алдында қалған тазы тұқымдының саны 200 басқа дейін кеміген кездер де болыпты. Дегенмен, ұлттық құндылығымызды сақтап, ит баптауды жанына серік еткен азаматтарымыздың арқасында осы бір мәдени мұрамызды көбейту мүмкін болғандай.

     Ол мақсатта елімізде тазы қанын тазартып, оның тұқымын көбейту мақсатында түрлі көрмелер мен сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Зеленов ауданында да тазы асырап, иттің осы тұқымының көбейюіне, ұлттық құндылығымыздың сақталуына өз үлесін қосып отырған жан бар. Ол үш жылдан бері тазы ұстап отырған Сағидолла Мұқанов. Ауласында Лашын атты үш жасар тазы мен Тайга есімді жас жарымдық ит төресін ұстап отырған жан тазыларының бірін Алматыдан, бірін Тараз қаласынан алдырыпты. Аңшылықпен өткен ғасырдың 86 жылынан бері айналысып келе жатырған Сағидолла ағамыз, бұрын  өзінде белорустың гончак атты иті болғанын айтады. Бірақ ол тазыға жетпейді екен. Оның айтуынша гончак жаралы аңды, ия болмаса, көзіне іліккенді ғана қуалайды да иіс сезіп, із кесу жағына осалдау келетін көрінеді. Ал тазы тұқымының олардан артықшылығы із кезуі мен иісшілдігінде екен. Тазы жайында көп білмесе де біраз нәрсені оқып, тамақтандыру жағына да үлкен мән беретін ол тоқашқұйырықтары бабынан айырылып қалмасын деп далаға шығарып, шаптырып, ойнатып тұратын әдетін тастамайды. Иттерінің аң алғандағы әңгімесін: «Былтыр қыста ауызданған Лашыннымның қасына Тайганы ертіп, далаға шықтым. Біраз жүрген соң ауылға қарай қайтып келе жатырғанымызда Лашын бірдеңенің иісін сезгендей боп айнала иіскелей бергенінде сайдан шыққан түлкі қаша жөнелді. Артынан ілескен Лашыным біраз қуалап барып, тістегені сол еді түлкі де мойынын бұрып оған шап бергендей болды. Осы кезде мойын күшімен аспанға лақтырып жіберіп, жерге түсірмей жатып басып қалғандағы көрініс әлі есімде»,-деп шамалы итке алдырмайтын түлкіге бас салған тазысының өнерін мақтана айтады. Бұдан бөлек «Сарыала қаз деген құстың жұмыртқасынан кейде күшік туады. Сол нағыз құмай болады екен. Бірақ ол ит тек тәңірі берейін деген адамға ғана жолығатын көрінеді»,-деп аршын төс туралы ел ауызында сақталған аңыздарды да есіне сақтап жүретін аңшы ағамыздың екінші иті Тайгасының ақылдылығына таңданады. Ит ақылын көрсеткен оқиға күздің кешінде қос тазысын ертіп далаға шыққан кезде болыпты: «Иттерім борсық соңына түсті. Басында таңсық аңға шабуға батылы бармай тұрып қалғанын байқап, айдақтатып жібергенім сол екен аттатпастан борсықты алды. Мен соңдарынан жүгіріп келем дегенше Лашынның басып отырған борсығын алған Тайга жемтікті маған әкеліп берді. Бұндай жағдай қоян алған кезде де болып тұрады. Ата-бабамыз тазыны осы бір ақылдылығы үшін де бағалаған болар»,-деп есіне алады.

     «Болашақта тазы тұқымды иттердің санын көбейтсем деген ойым бар. Қазір қолымдағы иттердің екеуі де еркек алдағы уақытта ұрғашысын алып, одан тараған күшіктерді асырацмын дегендерге берем. Онысыз да айырылып қала жаздаған асылымыздың мүлдем құрып кетпейіне тигізер менің үлесім осы ғана»,-дейтін жігіт ағасының бұл ісі құптарлық. Қалай десек те өз мұрамыз өзімізден басқа кімге керек? Алабай десе Түркіменнің, борзая десе орыстың иттері еске түседі. Ал қазақтың тазысы неге ешкімге керек емес. Қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатырған итіміздің бағасын өзіміз неге түсіріп жібердік? Тазы біздің мәдени мұрамыз. Сондықтан тазы бағып, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған азаматтармызға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілер болса, ұтарымыз көп болады.

www.zhaikpress.kz

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале