18.08.2016, 20:48
Оқылды: 29

Таланттылар мекені – Ұзынкөл

????????????????????????????????????

   Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында талай-талай саңлақтар түлеп ұшқан, таланттылар мекені, киелі өлке – Ұзынкөл ауылдық округінің көркемөнерпаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік кеш өткізді. Алаңда театрландырылған көрініс қойылып, одан әрмен көркемсөз шебері Айкөркем Мұхамбетова жыр шумақтарын оқыса, Айнара Нұртаева «Тәуелсіздік толғауы» әнін тамылжыта шырқады.


    Ал, «Батырлар ұраны» әнін Елтай Әубекеров пен Мержан Теміржанов орындады. Содан соң Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Алтай Бақтығалиев құттықтау сөз сөйлеп, кезекті өнерпаздарға  берді.

   Думанды кеште ұзынкөлдіктердің әнұранына айналған, сөзін атақты айтыскер ақын Мұрадым Мирланов жазған «Ұзынкөлім» әні шырқалып, көпшіліктің көңілінен шықты. Әрмен қарай ансамбльдің орындауындағы халық күйі «Келіншек», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлері құлақ құрышын қандырды. Сахна төрінде дуэт «Алатау, Алтай, Атырауым», Айзада Бисекова «Асыл ер», Нұрсұлтан Уахитов пен Айзада Бисекова «Алло», Елтай Әубекеров «Сәлем елім» әндерін шырқаса, хор Қадер Орақаевтың төл туындысы «Қазақ елі – мәңгілік ел» әнін қалықтатып, «Еркеназ» бишілер тобы «Қазақ» биін биледі. Ұзынкөлдік көркемөнерпаздар әрқашан өз өнерлерімен жұртшылықтың таңдайын қақтырып, сан алуан өнерді ұршықтай иіріп әкетеді. Соның бір дәлелі – көлеңкелік көрініс. Қиыннан қиыстырып, жарықтың көмегімен әртүрлі қимылдар арқылы  бір оқиғаны суреттеу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерекше талант. Ел тәуелсіздігі жолындағы күресті, батырларымыздың ерлігін көлеңкелік көрініс арқылы шебер үйлестіріп, жиналған қауымның зор ынта-ықыласына ие болды. Жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеш «Елім-ай» әнімен өз мәресіне жетті.

Арайлым РАШИТҚЫЗЫ

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале