23.05.2016, 12:28
Оқылды: 43

«Тамаша» тарланының тамаша кеші

Shingirlau tamasha     Шыңғырлау ауданында «Тамаша» ойын-сауық отауының концерті өтті.

    Иә, Алматының төрінен келген белгілі театрдың өнерпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер, сатирик, режиссер Асқар Наймантаев шыңғырлаулық ағайынды әдемі әзіл, көрікті күлкіге бөлеп, шынында да тамаша өнерін ұсынды көрерменге. Сатирамен сыралғы, әзілмен ауылдас, өнермен дос актердің әзіл әлеміндегі «жары» Әпитөк, «досы» Бәкірбай туралы әңгімелері көрерменін күлкіге көміп, көңілді кеш сыйлады. Сахналық серігі Ринат Уәлиев сомдаған көріністі әзіл де көңілден шығып, қошаметпен қабылданды.


   «Актер деген руданбыз» деп қалжың сабақтаған кеште әзіл ғана емес актердің жалпы өмір тарихы әңгімеленген, өнер адамдарының болмысы, қалауы, ой-арманы, мақсаты мен адами мүдделері де әдемі әзілмен өрілген тағлымды, ғибратты кеш болды бұл. Арасында актердың өз орындауында әндер орындалып, көрермен ықыласпен қошемет көрсетті.

    Жалпы, елдің ортасында болып қайтуды басты мақсат еткен, ел ішінде өнерді, театрды насихаттауды жолға қойған «Елімнің ерке күлкісі» тақырыбындағы бағдарлама бойынша осындай жолсапарда жүргенін жеткізген Асқар Наймантаев өзімен бірге келгендер ішінде Қазақстанның мәдениет қайраткері, дыбыс режиссері Мұрат Смағұловтың барын атап өтті.

    Ауылдың өнері, өнерге деген сүйіспеншілігі кемімесін, өнерді қадірлейтін, қолдайтын көрермен көбейсін деген тілегін жеткізген өнер саңлағы бұған дейін осы сапар аясында Павлодар, Ақтөбе облыстарында болып, Оралды өзі таңдап алғанын, Шыңғырлаудан соң Теректі, маусым айына БҚО-ның қалған барлық ауданын аралап шығуды жоспарлап отырғанын айтты. Аудан әкімі А.Халелов өнерпаздарға ел атынан алғыс білдіріп, бұл сапардың ауданымыздың мәдени дамуында ерекше елеулі күн болғанын жеткізді. Шыңғырлау халқының өнерге аса пейілді болмысын айта келіп, тұрғындарға шырайлы кеш сыйлаған өнерпаздарға ықылас білдірді.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале