25.12.2015, 21:00
Оқылды: 16

Тарифті өсіруді сұрайды. Неге?

 Elektr kuati  Облысты электр қуатымен жабдықтаушы компаниялар электр қуаты тарифін өсіруге ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне тапсырыс берген. Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін журналистер қауымы қуат өндіруші, қуат таратушы және қамтушы  компанияларға пресс-турға шықты.


-Қазіргі тариф бойынша 1 кВт./сағат үшін 4,24 теңге белгіленген. Бұл баға биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітілген. Заңдылықтардағы өзгерістерге орай табиғи монополиялар субьектілерінің барлығы бесжылдыққа арналған шекті тарифке  көшулері тиіс. Осыған байланысты тарифті көтеруге тапсырыс бердік. 2016 жылға жаңа тарифті 45 тиынға өсіру сұралып отыр. Біз электр қуатын қуатты тасымалдау кезіндегі нормативтік-техникалық ысыраптарды жабуға сатып аламыз. Сонда 45 тиынның 30 тиыны осы ысыраптарды жабу үшін сатып алынатын электр қуатының бағасының өсіміне жұмсалады. Ал 15 тиын компанияның тұрақты шығындарына, апаттық жағдайларда қажет болатын материалдарды сатып алуға бағытталады,- деді «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ  директорының экономика мәселелері бойынша орынбасары Жанна Қартмамбетова.

           «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ның директоры Снежана Имашеваның айтуынша, алдағы жылғы 15 қаңтардан бастап электр қуаты тарифін 32,5 пайызға өсіруді сұрап отыр. Биылғы қыркүйек айында өсірілген тарифті тағы да көтерудің қандай қажеттілігі болды деген сауалға компания басшысы былай деп жауап берді: - Онда «ҚПО б. в» компаниясына қарасты газ турбиналы стансадағы трансформатор істен шықты. Соған орай  өңірге бөлінетін арзан қуат күрт азайып, тарифті көтеруге мәжбүр болдық. Ендігі электр қуаты тарифін өсіруді сұрап отырған себебіміз, қуат өндірушілер бағаны 30-35 пайызға көтеріп жіберді. «Маңғыстау атом энерго комбинаты» компаниясы электр қуатын 11,62 теңгеден босататын, қазір бағаны 15,32 теңгеге дейін өсірді. Жергілікті қуат өндіруші Новенький ауылы маңындағы Орал газ турбиналы стансасының да тарифі 8,8-ден 12 теңгеге көтерілді. Қарашығанақтағы стансадағы трансформатор жөнделіп, іске қосылған жағдайда да, кен игерушілердің өздерінің қуатқа деген сұранысының өсуіне байланысты бізге тек  20 МВт қуат босатады. Бұрынғыдай 30-40 МВт көлемде қуат бере алмайды.

          С.Имашеваның айтуынша, компания тарифті өсіру арқылы пайда табуды көздемейді. Өйткені ол жағы тарифте бекітілмеген. Қуатпен қамтушы компанияға  тұтынушылардан түсетін қаржының 60 пайызы қуат өндірушілерге, 38 пайызы қуатты тасымалдаушылармен есеп айырысуға жұмсалады. Тарифтің өсуі есебінен қызметкерлер жалақысын көтеру жоспарланбаған. Тарифтің қаншалықты көтерілетіні 2016 жылдың 15 қаңтарында белгілі болады.

     «Орал газ турбиналы стансасы» ЖШС-ның директоры Абат Есенғалиевтің айтуынша, қуаты 54 МВт.-тық электр стансасы осы кезге дейін қуат өндірісіне пайдаланылатын газдың қымбаттылығына байланысты «Жайықмұнай» ЖШС компаниясы есебінен өтемақы алып тұрған.  Биылдан бастап өтемақы берілмейтін болып, газды «ҚазТрансгазаймақ» компаниясынан қымбат бағаға алуда. Өндірілген қуаттың өзіндік құны мен сату бағысы арасындағы алшақтықтың кесірінен компания биылғы жылды 850 млн. теңге шығынмен аяқтамақ. Станса жұмыс істегелі бергі 4 жылдағы шығын 1 млрд. 500 млн. теңгені құрайды.

         –Шығынды жоюдың жолы тарифті көтеруде. Тариф төмен болғандықтан стансадағы турбиналарды, генераторларды, редукторларды  жөндеу жұмыстары жүргізілмей отыр. Олардың тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажетсінеді. Бұл жұмыстарды тарифті көтеру арқылы жасамасақ болмайды. Оның үстіне станса банк несесіне салынған, оның төлемін алдағы жылдың ақпанына дейін тоқтата тұруға келістік. Тарифті көтермесек, станса өзінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады, - деді Абат Есенғалиев. Оның айтуынша, ҚР Энергетика министрлігіне тарифті өсіруге тапсырыс берген. Қазір қуаттың өзіндік құны  11,35 теңге болса, 2016 жылға инфляцияны ескере отырып, тарифті 12,6 теңге шамасында бекітуді сұраған. Мәселе әлі қаралуда.

    Қазіргі уақытта Орал газ турбиналы стансасы өңірдің қуатқа деген қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етуде. Компания қуатты негізінен «БҚЭЖТК» АҚ-ға, «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ға және шағын кәсіпорындарға босатады.

www.zhaikpress.kz  

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале