1.09.2015, 15:23
Оқылды: 23

Тарихи оқиғаның куәсі болды

Ruslan tinbaev  Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерліктің үлгісін көрсеткен атақты 73-гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы  жауынгерлік туының көшірмесі  Волгоградтан Жәнібекке әкелінді.

Аталмыш туды Қазақстанға жеткізуге дәнекер болған «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі мүшелерін Жәнібек ауданының активі Ресей шекарасынан  еліміздің көк байрағын көтеріп салтанатпен қарсы алды. Жоғары лауазымды әскерилерді осылайша құрметтеген соң автокөліктер шеруі аудандық мәдениет үйіне бет түзеді.

Айтулы оқиғаға байланысты аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өткізіліп, оған Жәнібек ауылының тұрғындары қатысты. 73-гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі салтанатты түрде залға енгізіліп, жұртшылық туды тік тұрып құрметпен қарсы алды. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Біржан Қуаналиев ашып, Ұлы Отан соғысы жылдарында Жәнібек жері Сталинградқа тым жақын орналасқандықтан  осы майданның  шебі болғанын, жауынгерлік тудың ауданға жеткізілуі жәнібектіктер үшін маңызы зор, есте қаларлық оқиға екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін  «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, доғарыстағы генерал-майор Руслан Тынбаев өз сөзінде аталған атқыштар дивизиясы соғыс басталған шақта Алматы, Семей, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының жігіттерінен құрылғанын және  қазақтардың 70 пайызы дивизияның құрамында жаумен шайқасқандығын, осы дивизиядан 36 сарбаз Кеңес Одағының Батыры атағын алса, соның ішінде 12-сі қазақ ұлтынан болғандығын мәлім етті. Ол аудан халқын осынау  тарихи оқиғаның куәсі болуларымен құттықтап, соғыс кезінде Сталинград майданының зардабын тартқан жәнібектіктерге мықты денсаулық, отбасы амандығын тіледі. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз алып, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл маңызды да салиқалы іс  аудан тұрғындарының әрқашан жадында болып,  ешқашанда  ұмытылмайтындығын сөзіне сүйеніш ете келіп, доғарыстағы генералдардан ауданымызға «Соғыс тауқыметін тартқан аудан» мәртебесін беруге сеп болуды сұрады.  Руслан Исламұлы өз кезегінде бұл  мәселені мүмкіндігінше қозғап, жүзеге асуына барынша ықпал жасайтындығына сендірді.

www.zhaikpress.kz

  Н.Өтей.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале