12.08.2015, 19:24
Оқылды: 28

Тарихи таным таразыланды  

 

экспедиция1-10 тамыз аралығына жоспарланған Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақ мемлекеттілігінің негіздеріне» атты тарихи-экологиялық экспедиция аяқталды.

Бүгін жоба жетекшілері "Жайық Пресс" ЖШСнің мәжіліс залында БАҚ өкілдеріне экспедицияның жұмысы туралы баян етті. 

Бұл жобаға «Ғылыми зерттеулерге жәрдем қоры» жеке қоры, «DANAkaz» жорналы, «Chem invest» ЖШС, «Регион холдинг» ЖШС, Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы, «Ұлттық стандарт» сертификаттау орталығы, Жаңақала ауданының әкімдігі қолдау  танытты.

Жорыққа өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов, «Қаратөбе өңірі» газетінің тілшісі Ертай Бимұханов, педагог, өлкетанушы, жаңақалалық Руслан Біләлов, бөкейордалық Асхат Қарабалин, көлік жүргізуші Абай Иманғалиев қатысты.

Орал қаласының маңындағы Хан тоғайынан басталған экспедиция Атырау облысын қиып өтіп, Ресейдің Астрахань, Волгоград облыстарында болып,  Бөкей ордасы ауданына табан тіреді.

экспедициииияяяЖоспар бойынша қос елдің аумағындағы тарихи-мәдени маңызы зор нысандарды аралады. Жайық, Ақтөбе-Лайэти, Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке секілді ортағасырлық қалалардың орнын көрді. Торғын қаласындағы Жәңгір хан тұрағында Кіші жүз хандары Есім, Жантөре, Бөкей хандығының билеушілері Бөкей хан, Жәңгір хан қабірлерінің, Құрманғазы, Сейтек, Дәулеткерей, Мәмен, Тұяқ күйшілердің қорымының басында болды.

- Бұл бастаманы алғаш Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов көтерген болатын. Оның идеясын кейін толықтырып, жандандырдық, - дейді экспедиция жетекшісі Айболат Құрымбаев. - Он күнге созылған жорықта 3400 шақырым жерді басып өттік. Үлкен Боғда, Кіші Боғда, Ұлаған таулары, Эльтон, Басқұншақ көлдерінің ғажайып сыры таң қалдырды. Ал Ресейдің Волгоград облысындағы күйші Дина анамыз тұрған Диановка ауылына жерлестерден тұңғыш барған біз екен.

Мұрат Қалменов құнды тарихи жәдігерлер көп кездескенін атап өтті. Экспедиция барысында қандастарымыз құрған қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен екі жақты кездесулер өткен көрінеді. Алдағы уақытта қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, ғылыми байланысты кеңейту, тәжірибе алмасу бағытында осындай жобалар тұрақты ұйымдастырылып тұрмақ.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале