15.12.2015, 20:07
Оқылды: 43

Тасқала ауданының қос ауылына көгілдір отын кірді

 газ кіргізу  Ынтымақ және Тоғайлы ауылдарына табиғи газ өткізілуіне байланысты салтанатты шара өтті. Қос ауылдың қуанышты мерекесі Ынтымақ ауылынан басталды. Шараға аудан әкімі Санжар Әлиев,«Әлия Сервис» ЖШС басшысы Ануар Марданов, облыстық мәслихат депутаты Асқар Мерғалиевтің өкілі Қайыржан Идиятов, аудандық мәслихат хатшысы Сансызбай Рахимов және бір топ аудан атқамінерлері мен ауыл ақсақалдары қатысты.

Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекенін газбен қамту үшін мемлекеттік бюджеттен 63 млн. қаражат бөлінсе, Мерей ауылдық округіне қарасты Тоғайлы ауылына 37 млн. теңге жұмсалды.


Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі С.Әлиев ауыл тұрғындарын келе жатқан тәуелсіздік мерекесімен және көгілдір отынға қол жеткізулерімен құттықтады.

– Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында қол жеткізіп отырған көгілдір отындарыңыз құтты болсын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар беріп отыр. Сондықтан, бұл көптен бергі шемімін таппай келген мәселенің реттелуіне шамамыз келгенінше тырысып бақтық. Бюджет қысқарып, нақты істерге ғана қаражат жұмсалып жатқан тұста қос ауылға бірдей газ кіруі үлкен қуаныш. Көгілдір отынның кірумен қоса, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылады. Ауылдарыңыз гүлдеп, өркендей берсін, - деді аудан басшысы.

Бүгінде Ынтымақта 11, Тоғайлы ауылында 7 үй көгілдір отынға қосылып үлгерген. Өзге мекен жайларға газ жеткізу алдағы күндердің еншісінде.

Достық ауылының элеватор атанып кеткен бөлігі осы күнге дейін газдің игілігін көре алмай келген еді. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен газ өтпей қалған ауылдың екінші жартысындағы 25 аулалы ауылға демеушілердің арқасында газ жеткізілгендігін айта кету керек. Газ құбырын тартуға облыстық мәслихат депутаты Асқар Мерғалиев 1 млн. теңге шамасында демеушілік танытса,  «Әлия Сервис» ЖШС басшысы Ануар Марданов құбыр жүргізу жұмысын ақысыз атқарып берді.

Тоғайлылықтар үшін қос мереке қатар келді. Біріншісі ауылға газдің өткізілуі десек, екіншісі ауыл ақсақалы, соғыс ардагері Оқан Жанаевтың 90 жасқа толу мерейтойымен еді. Салтанатты жиын үстінде ақсақалға аудан әкімі арнайы құттықтап, иығына шапан жауып, алғыс хат табыс етті.

Оқан ата жұртшылық алдында сөз алып, аудан әкімі мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына және газ өткізген мердігер компанияға өз ризашылығын білдірді. Ақсақалдың өтініші бойынша «Нұр Отан» партиясының араласуымен «Әлия Сервис» ЖШС басшысы Ануар МардановОқан ағамыздың үйіне газ тартуда 150 мың теңге жеңілдік жасаған.

www.zhaikpress.kz

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале