28.04.2016, 17:44
Оқылды: 18

Тасқала ауданы тұрғындарына «Жәннат» драмасын қойды

????????????????????????????????????

    27 сәуір күні БҚО Дін істері басқармасының тапсырмасымен облыстық қазақ драма театры ауданымызға арнайы ат басын бұрып келіп, мәдени-демалыс орталығында аудан тұрғындарына  «Жәннат» драмасын қойды.


    Қойылымды тамашалауға келген халықтың да қарасы көп болды. Бұл драманың негізгі мақсаты қазіргі таңда жастардың дінге бет бұрғанымен, дәстүрлі дінімізден тайқып кетіп, ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағанның барлығын кәпірге шығарып, өздерін ғана тура жолдамыз деп ойлайтын жастарға бұл нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндіру.

    Қойылым барысында асқар таудай әкені жоғалтып, алты бірдей перзентімен қалған ананың жәй-күйі бейнеленді.Ал, балалары  шыр-пыр болып, ананың көңілін көтеріп әлек.  Осылайша, өтіп жатқан күндеріне қара бұлт қайтадан келіп, төңіп алғандай. Шаңырақтың кіші қызы кенеттен  көлікке қағылып, мүгедек арбасына таңылады.Бұл жәйт қаралы отбасының  қайғысын одан әрі үдете түскендей. Ана жүрегі бұғанда шыдап бақты.Осы үйдің үлкен баласы Сүйінішке қалғандары сенім артқан. Алайда, артылған сенім ақталмады. Сүйініш жат ағымның жетегіне түсіп, басқа арнаға бұрылып кетті. Әр күні қабағы қатулы жүріп, анасына қарсы сөз сөйлеп, намаз оқымағандары үшін кәпірге шығарды. Ана байғұс бұғанда көндікті. Үлкен ұлының кенеттен бұлай өзгеріп шығуының себебі неде екенін білмек болып, үйге имамды шақыртады. Баласының әр күні көрсетіп жүрген қылықтарын айтқаннан  соң, имам  жат ағымның жетегінде жүргенін бірден түсінеді. Сүйеніш пен сөйлесіп бұл іс-әрекетінің дұрыс емес екенін айтып түсіндіреді. Бірақ бұған құлақ асқан ол жоқ. Өзінікін дұрыс көріп, алған бетінен қайтпайды. Араласып жүрген «бауырлары» имамның сөзін тыңдама жүрегіңе күмән салады деп, одан сайын азғырады. Арада біраз уақыт өткен соң үйленіп, анасымен бір шаңырақ астында тұра алмай, бөлекшығып кетеді. Уақыт өте келе үлкен ұлының жолдастарын қамауға алғандығы жөнінде теледидардан көрген ана, оның арасында ұлым да бар деп ойлап, жүрек талмасынан о дүниеге аттанып кете барады. Жасаған әрекеттерінің қате екенін кеш түсінген Сүйініш тура жолға түсіп, марқұм болған анасынан зар жылап кешірім сұрайды.

     Осылайша өрбіген оқиға желісі келген көрермендерге ұнап, өз образдарын тамаша сомдаған театр актерлеріне зор қошемет көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале